Танымал әнші Айгүл Иманбаева соңғы бір жылда басынан өткен қиындықтары туралы ашық айтты. Өнер иесі үйін сатып, 100 миллион теңгеге жуық қарызға батқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Әншінің айтуынша, қаржылық қиындықтар оны тығырыққа тіреген. Ол өміріндегі бұл жағдайды өзіне жасалған сиқырмен байланыстыратынын жеткізді.
«Үйді де саттым, 100 миллион теңгелеп қарызға да баттым. Тентіреп кете жаздадым. Осылай абыроймен жүрген күннің өзінде тығырыққа бір-ақ тірелдім. Бір жыл болды алысып келе жатқаныма, әлі де алысып жатырмын. Бірақ былтырғыдай емес, шүкір», – деді әнші.
Айгүл Иманбаева осы уақыт ішінде қуыршақ, сурет, жіп, қан мен топырақ секілді күмәнді заттар табылғанын айтты. Бұрын мұндай нәрселерге сенбегенін, алайда басынан өткен жағдайлардан кейін көзқарасы өзгергенін жасырмады. Сондай-ақ әнші өзіне сиқырдың бес кезеңі туралы айтылғанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл түсінік адамның ештеңеге зауқы соқпауынан басталып, қаржылық қиындықтар мен жанжалдарға ұласуы мүмкін. Алайда мұндай құбылыстардың сиқырмен байланысы ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.
«Еш ренішім жоқ, оны істеген адамды кешірдім, жібердім. Бірақ мұны кім жасағанын білемін», – деді Айгүл Иманбаева.
Өнер иесі өзіне қастық жасады деп есептейтін адамның есімін атамады. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда қазіргі жағдайының жақсарғанын айтып, бұл кезеңді өмірлік сынақ ретінде қабылдағанын жеткізді.