Атыраудағы Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде 13 жастағы оқушы қызға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Сот барысында қылмыстың алдын ала жоспарланғаны анықталды. Тергеу материалдарына сәйкес, жасөспірім шабуылға бірнеше күн бойы дайындалған. Бұған оның iPhone XS телефонындағы жазбалары, физика пәніне арналған дәптері және мектептегі бейнебақылау камераларының жазбалары дәлел болған.
Атап айтқанда, 13 наурыз күні ол телефонына қоғамнан өш алғысы келетіні туралы жазба қалдырған. Ал дәптеріне ата-анасын өлтіргісі келетіні жөнінде жазған. Сондай-ақ мектеп психологына сыныптастары тарапынан буллингке ұшырағанын айтқан. Алайда тергеу барысында оны ұрғаны туралы дәлел табылмаған. Тек қатарластарының үстіне су шашқаны белгілі болған.
Сотта жасөспірімнің терроризм, зорлық-зомбылық және қатыгездік сипатындағы тыйым салынған материалдарға қызығушылық танытқаны да айтылды.
Айыпталушы қылмыс кезінде есі кіресілі-шығасылы күйде болғанын мәлімдеген. Алайда сот-психиатриялық сараптамасы оның есі дұрыс екенін анықтады. Сараптама қорытындысы бойынша, шабуыл кезінде жасөспірім аффект жағдайында болмаған және өз әрекетіне есеп берген.
Сот материалдарына сәйкес, сол күні сағат 12:30 шамасында ол мектептен шығып, үйіне барған. Онда бәкі, асүй пышағы, балға, қайшы және басқа да қауіпті заттарды жинаған. Сағат 16:56-да мектепке қайта оралып, күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтып, ғимаратқа кірген. Күзетші оның сөмкесін тексермеген.
Мектеп ішінде терезе жанында тұрған төрт оқушыны байқаған жасөспірім қыздардың бірін қуып жетіп, оған пышақпен бес рет соққы жасаған. 13 жастағы қыз арқасы мен жұтқыншағынан ауыр жарақат алған.
Ең сорақысы, жәбірленуші мен шабуыл жасаған жасөспірім бір-бірін танымайтын болып шықты. Олардың арасында бұған дейін ешқандай жанжал да болмаған.
Сот үкімімен жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын жасөспірімдерге арналған қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.