Экс-депутат, айтыскер ақын Ринат Зайыт айтыстан шеттетілген Мақсат Ақановқа қатысты пікір білдірді. Ол ақынның сахнадағы әрекеті үшін мұндай шешім қабылдауды құптамайтынын айтып, Айтыскер ақындар одағы оны қорғауы керек болғанын жеткізді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Ринат Зайыт Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Оның пікірінше, ақынды айтыстан шеттету үшін нақты әрі салмақты негіз болуы керек. Ал Мақсат Ақановтың сахнада айтқан сөздерінен мұндай себеп көрмейтінін жеткізді.
«Мақсат кімге не деді? Айтыста ұлтараздықты қоздыратын, мемлекетке тіл тигізетін сөз айтса, шеттетуге болатын шығар. Мақсат бір адамға тиетін сөз айтпады. “Адайдың шалдары” деген – күнделікті қолданыстағы сөз», – деді Ринат Зайыт.
Экс-депутат Мақсат Ақановтың сахнадағы әрекеті түсірілген бейнежазбаны көргенін де айтты. Ол бұл жағдайды үлкен дауға айналдырып, ақынды айтыстан аластатудың қажеті болмағанын жеткізді.
«Мақсат Ақановтың бар істегені сахнада мас болып қалғаны ма? Мен, керісінше, сол видеоны көріп қызықтым. Осылай еркелеп жүре беру керек еді. Одақ Мақсатты қорғап қалуы керек еді», – деді ол.
Ринат Зайыттың пікірінше, шығармашылық ортада ақындарды шеттетуден бұрын олардың өнерін қолдап, қорғауға басымдық берілуі тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Мақсат Ахановтың айтыс сахнасындағы әрекеті қоғамда қызу талқыланып, оның айтыстан шеттетілуіне қатысты түрлі пікір айтылған.