Айтыскер ақын Мақсат Ақанов Маңғыстау облысы Шайыр ауылында өткен айтыстағы әдепсіздігінен кейін алты айға айтыстан шеттетілді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Аманжол Әлтай айтты. Мәлімдеме әлеуметтік желіде Нұргүл Хасанова ақынның айтыста айтқан сөзінің видеоүзіндісінің пікірлер бөлімінде жарияланған.
Оның айтуынша, қоғамда қызу талқыға түскен айтысты Одақ ұйымдастырмаған. Шара жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен және жергілікті азаматтардың бастамасымен өткен.
«Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен сол өңірдің азаматтарының ұйымдастыруымен өткен. Біздің қатысымыз жоқ. Өзім ұйымдастырған, қадағалаған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беріледі», – деді Аманжол Әлтай.
Одақ төрағасы Шайыр ауылында болған жағдайдың айтыс өнерінің өкілдеріне де ауыр тигенін айтып, бір адамның әрекетіне бола барлық айтыскерге кінә артпауға шақырды.
«Мақсат Ақановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданды. Шайыр ауылында орын алған келеңсіздік біздің де қабырғамызға батуда. Бір ақынның қателігі үшін барлық ақын кінәлі емес. Өзім ұйымдастырған, басы-қасында болған айтыстарда мұндай келеңсіз жағдайлар ешқашан болған емес», – деді ол.
Осылайша, Мақсат Ақанов айтыстағы әдепсіздігінен кейін алдағы алты ай ішінде Одақ ұйымдастыратын айтыстарға қатыспайды.