Бұрынғы депутат Самат Нұртаза 123 күннен бері жұмыссыз жүргенін айтып, қызметтен кеткен соң айналасындағы адамдардың өзгергенін жеткізді. Оның сөзінше, кезінде жақын араласқан шенеуніктер мен әріптестері бүгінде телефон қоңырауына да жауап бермейтін болған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Экс-депутат бұл туралы Facebook парақшасында жазып, лауазымнан айырылғаннан кейінгі өмірі өзіне үлкен сабақ болғанын жасырмады. Әсіресе бұрын ерекше құрмет көрсеткен адамдардың теріс айналғаны таңғалдырған.
«Жұмыссыз жатқаныма 123 күн болды. Бұрын батарейкасы тез отыратын смартфоным, қазір ләм-мим тыныш, 2 күнге қуаттылығы жетіп жатыр. Һәм адами кейіп сақтап қалған 7-8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды. Өзім звандасам, трубканы көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды. “Сэм, братан!”, “В любое время, Сәке!”, “Всегда на связи, Самат Русланович!” деп қорқорға шақыратын вице-министрлер ләм-мим ғайып болды», – деп жазды ол.
Самат Нұртаза мұндай жағдай қазіргі депутаттардың да басынан өтуі мүмкін екенін ескертті. Оның пікірінше, депутаттық мандат аяқталған соң бұрынғы қызметке қайта оралу қиын. Өйткені ол орынға басқа адам орналасып үлгереді. Экс-депутат жұмыссыз жүрген уақытында шенеуніктердің неліктен лауазымнан айырылғысы келмейтінін түсінгенін де айтты.
«Лауазым – ол, көпшілік ойлайтын, нақты бір ақша, билік, кабинет емес екен. “Лауазым” – “социумға керектігің”, нақты өз шегелеген орның екен. Адам сол өз орнын жоғалтып алмау үшін психологиялық майданда күресетін сияқты. Сол қоғамға керек болғанын сезіну – шенеуніктің басты допингі», – деді бұрынғы депутат.
Соған қарамастан Самат Нұртаза жұмыссыздықты уақытша кезең деп қабылдайтынын, алдағы уақытта еңбекке қайта араласуға үмітті екенін жеткізді. Сондай-ақ қиын кезде байланысын үзбеген санаулы адамдарға алғыс білдірді.