1 қарашада болған жаппай жол апаты салдарынан үш адам көз жұмып, бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты салдарынан екі адам оқиға орнында жан тапсырған. Тағы бір адам ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ зардап шеккендер бар.
«Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы болған жерде полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылдануда», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу аясында тәртіп сақшылары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жантүршігерлік апатқа байланысты Ақкөл мен Щучинск арасындағы жол учаскесі көлік қозғалысы үшін уақытша жабылды. Полиция департаменті жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырды.
«Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайларын ескере отырып, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға шақырамыз. Көліктер арасындағы арақашықтықты сақтап, рөлде барынша мұқият болыңыздар», – деп ескертті ведомство өкілдері.