$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65

«Қанша уақыт ойнамайтынын айту қиын»: «Бернли» бапкері Сатпаев туралы айтты

Редактор
02.11.2026, 12:44
ФК Қайрат
ФК Қайрат
Дастан Сатпаев 31 қазанда «Бернли» мен «Портсмут» арасындағы матчқа қатысқан жоқ

Англиялық «Бернли» клубының жаңа бас бапкері Фабио Челестини қазақстандық футболшы Дастан Сатпаевтың денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, 18 жастағы шабуылшының бұрынғы жарақаты қайта сыр берген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz басылымы Burnley Express-ке сілтеме жасап.

Дастан Сатпаев 31 қазанда «Бернли» мен «Портсмут» арасындағы матчқа қатысқан жоқ. Чемпионшип аясында өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Бұл ойын Фабио Челестинидің команданың бас бапкері ретіндегі алғашқы кездесуі болды. Маманның айтуынша, қазақстандық футболшының сан бұлшықетінің артқы бөлігінен қайта жарақат алғаны анықталған. Қазір оның қалпына келу процесін «Бернли» мен ойыншыға құқықтары тиесілі лондондық «Челси» клубтары бірлесіп бақылап отыр.

«Оның сан бұлшықетінің артқы бөлігінде мәселе бар. Бұл – бұлшықет жарақаты. Біз жағдайды бірлесіп, күн сайын бақылап отыруымыз керек. Содан кейін не болатынын көреміз. Оның қанша уақыт алаңға шықпайтынын айту өте қиын», – деді Челестини.

Бас бапкер командаға жақында ғана келгендіктен, футболшының денсаулығына қатысты барлық мәліметпен әлі толық танысып үлгермегенін жеткізді. Сондықтан Сатпаевтың алаңға нақты қашан оралатыны әзірге белгісіз. Еске салайық, қазақстандық шабуылшы қыркүйек айының басында «Мидлсброға» қарсы матчта санынан жарақат алған болатын. Бір айдан астам уақыт емделгеннен кейін ол қазан айында жаттығулар мен ойындарға қайта оралған. Алайда бұрынғы жарақаты қайта сыр берген.

Денсаулығына байланысты Дастан Сатпаев Қазақстан ұлттық құрамасының қараша айындағы Ұлттар лигасы матчтарына арналған түпкілікті тізіміне де енбеді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау