Танымал актер Бекжан Тұрыстың әулетінде үлкен қуаныш! Өнер иесінің ұлы Мағжан шаңырақ көтеріп, дүркіретіп үйлену тойын өткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қазақы салт-дәстүрге сай ұйымдастырылған салтанатты кеште ерекше «Жар-жар» шырқалып, қонақтарға бағалы сыйлықтар ойнатылды.
Кеш барысында асабаның мәлімдемесі жұрттың назарын аударды. Оның айтуынша, арнайы сандықтардың бірінде су жаңа автокөліктің кілті де жасырылған болуы мүмкін. Алайда темір тұлпардың шынымен сыйға тартылғаны әзірге белгісіз.
Бекжан Тұрыс деген кім?
Бекжан Тұрыс – қазақ театр және кино өнерінде өзіндік орны бар актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1965 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шошанай ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «Театр және кино актері» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1990 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы театрда еңбек етіп келеді.
Өнер иесі көрерменге театр сахнасындағы рөлдерімен қатар, «Ұят болмасын» бағдарламасындағы Ақылбай ата бейнесі арқылы да жақсы таныс. Сондай-ақ «Сыған серенадасы», «Қожанасыр тірі екен» сынды қойылымдарда өнер көрсеткен.