$ 448.72
€ 493.86
₽ 5.49

Мүгедектікті рәсімдеу: қағазбастылық азайды ма?

Редактор
20.11.2026, 08:00
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
Қазақстанда 725 мыңнан астам адам мүгедектігі бар азамат ретінде тіркелген. Олардың әлеуметтік қорғалуы, медициналық оңалту қызметтеріне қол жеткізуі және мемлекеттік қолдау алуы – әлеуметтік саясаттың маңызды көрсеткіші. Алайда мүгедектікті белгілеу кезіндегі бюрократиялық кедергілер, сараптама өлшемдерінің әділдігі, жәрдемақы мөлшері және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың әлеуметтік жағдайы әлі де жүйелі шешімді қажет етеді.

Мүгедектік – медициналық диагнозбен ғана өлшенетін ұғым емес. Ол адамның еңбек ету мүмкіндігіне, күнделікті тұрмысына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және экономикалық дербестігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекеттік қолдау жүйесі азаматтың нақты жағдайын ескеріп, оның құқығын қорғауға бағытталуы тиіс. Мұнда жалған мәртебе рәсімдеуге тосқауыл қою мен шынайы көмекке мұқтаж адамдардың құқығын шектемеу арасындағы тепе-теңдік маңызды.

Бұл мәселені саясаткер Нұрлан Әуесбаев көтерген болатын. Оның айтуынша, елімізде мүгедектігі бар азаматтардың қатары жыл сайын орта есеппен 2,39 пайызға өсіп келеді. Әрі қолданыстағы медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде әділетсіздікке әкелетін олқылықтар бар екенін атап өтті. Мәселен, қолынан немесе аяғынан толық айырылған адам мен бір саусағы не башпайы жоқ азаматқа бірдей үшінші топтағы мүгедектік берілуі мүмкін. Ал туа біткен ауыр кемістігі бар адамдар мәртебесін қайта-қайта растауға мәжбүр. Экс-депутат мұндай жағдайдың салдарынан кейбір азаматтар мемлекеттік қолдаудан айырылып, күнкөріс қиындығына тап болатынын жеткізді.

Бұл сараптама жүйесінің негізгі өлшеміне қатысты сұрақ туғызады. Мүгедектік тобын анықтауда диагноздың атауы ғана емес, адамның қозғалу, өзін-өзі күту, еңбек ету және қоғам өміріне араласу мүмкіндігі кешенді бағалануы керек.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық қызмет пен оңалту инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Министрдің мәліметінше, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде жыл сайын 3,4 миллион ересек адам жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және онкологиялық аурулар бойынша скринингтен өтеді. Қазір 772-ге жуық медициналық ұйым оңалту қызметін көрсетеді. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Ересектерге арналған оңалту қызметі 8 287 төсек-орын арқылы ұйымдастырылған.

– Мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдету үшін де бірқатар өзгеріс енгізілген. МӘС-ке жолдама алар алдында міндетті стационарлық емделу талабы алынып тасталды. Денсаулық сақтау және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің ақпараттық жүйелері интеграцияланды. Қатерлі ісік, туберкулез, төменгі аяқтың ампутациялық діңгегі және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі сияқты жағдайларда мүгедектік проактивті форматта белгілене бастады. 2025 жылдың басынан бері 90 мыңға жуық өтінім қаралып, олардың 42 пайызы бойынша мүгедектік проактивті түрде белгіленген. 2022 жылдан бері қолданылып келе жатқан бұл тетік бойынша медициналық құжаттарды әртүрлі өңірден үш эксаумақтық маман электрондық форматта қарайды. Азаматтан жеке куәлігі ғана талап етіледі. Қалған құжаттар ақпараттық жүйелер арқылы алынады, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Министрлік медициналық ұйымдардың жауапкершілігіне бақылауды да күшейтті. 2025 жылдың тоғыз айында дәрігерлік-консультациялық комиссияның МӘС-ке негізсіз жолдауының 1975 жағдайы анықталған. Анықталған фактінің 53 пайызы бойынша тәртіптік шаралар қабылданған. Әлеуметтік саясаттың тағы бір маңызды қыры – ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайы.

Бұл мәселені қоғам қайраткері, ғалым Таңсауле Серіков: «Елімізде 113 мыңға жуық мүгедектігі бар бала бар. Олардың 40 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ерекше баланы тәрбиелеу ата-анаға үлкен физикалық және психологиялық салмақ түсіреді. Әсіресе ауылдағы отбасылардың жағдайы күрделі. Қалаларда балаларды уақытша қабылдап, оларға күтім көрсететін арнайы орталықтар болғанымен, мұндай қызмет ауылдық жерлерде жеткіліксіз. Сондықтан ол ауылдардағы фельдшерлік-акушерлік пункттер жанынан ерекше балаларға арналған күтім және қолдау орталықтарын ашған дұрыс», – деді.

Бұл – тек медициналық қызмет мәселесі емес. Мұндай орталықтар ата-ананың күнделікті жүктемесін азайтып, отбасының басқа да тұрмыстық міндетін атқаруына мүмкіндік береді. Сонымен бірге ерекше баланың тұрақты күтім мен оңалту қызметін алуына жағдай жасайды.

Бір анығы, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау – мемлекеттің қайырымдылық шарасы емес, әлеуметтік жауапкершілігі мен конституциялық міндеті. Әлеуметтік мемлекеттің әділеттілігі де сол, көмекке мұқтаж адам қанша мекеменің табалдырығын тоздырмай, өзіне тиесілі қолдауды уақтылы әрі кедергісіз алуы керек.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау