$ 477.48
 555.83
 6.65

Михаил Шайдоровтың жалақысы толық төленген – Спортты дамыту дирекциясы

Редактор
28.05.2026, 21:34
ҰОК
ҰОК
 Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. 

ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, спортшыларға жалақы қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген шарттарына сәйкес төленеді.

– Михаил Шайдоровқа қатысты айтар болсақ, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық төленді, – деп хабарлады дирекция.

Мекеме мәліметінше, 2026 жылғы Милан Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін спортшымен жаңа келісімшарт жасау жоспарланған.

Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған.

– Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр, – делінген хабарламада.

Дирекция мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылатынын атап өтті.

Сонымен қатар ведомство мемлекет спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты міндеттемелерін толық орындайтынын мәлімдеді.

– Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған, – деп хабарлады Спортты дамыту дирекциясы.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау