Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілердегі треш-стримдерге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, TikTok, Instagram және басқа платформаларда кейбір стримерлер көп қаралым, лайк пен донат жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, адамдарды қорлап, қауіпті пранктер мен арандатушы әрекеттерге барады.
«Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр. Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамды мазақ етеді, қорлайды», – деді депутат.
Осыған байланысты Жарқынбек Амантайұлы «треш-стриминг» ұғымын заңнамада нақты бекітіп, мұндай контент үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ TikTok, Instagram, YouTube-пен бірлесіп заңсыз эфирлерді жедел анықтау және бұғаттау, авторларын сәйкестендіру тетігін енгізуді сұрады.
Бұдан бөлек, азаматтарды келісімінсіз эфирге шығарудан қорғау және әлеуметтік желілердегі заңсыз контентті бақылайтын бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесін құру ұсынылды.
«Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек», – деді Жарқынбек Амантайұлы.