9 қыркүйек күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Хамза көшесінде екі көршінің арасындағы жанжал адам өлімімен аяқталды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, 39 жастағы ер адам 65 жастағы көршісіне бірнеше рет соққы жасаған. Оқиға көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда егде жастағы ер адамның соққыдан жерге құлағаны, ал қарсыласының оған соққы жасауды жалғастырғаны көрінеді.
Бұдан кейін күдікті марқұмның үйінен кейбір заттарды алып, оқиға орнынан кеткен.
Жақындары жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер 65 жастағы ер адамның қайтыс болғанын растады.
Қазір күдіктіні іздеу шаралары жүргізіліп, қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Қақтығыстың нақты неден басталғаны әзірге белгісіз.
Марқұмның артында бес баласы қалды.