$ 450.79
 524.13
 5.31

«Қыркүйек» пе, «қыргүйек» пе: Ерлан Қарин дауға нүкте қоятын шешімді айтты

Редактор
11.09.2026, 08:41
ort.com
ort.com
Қазақстанда жаңа Орфографиялық сөздік әзірленеді

Қоғамда «қыркүйек» сөзін «қыргүйек» деп жазуға қатысты қызу талқы жүріп жатқан тұста Қазақстанда жаңа Орфографиялық сөздік әзірлеу туралы шешім қабылданды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған мәселе тек тіл мамандары мен әдеби ортаға ғана қатысты емес. Қазақ тілі мемлекеттік әрі кеңсе тіліне айналғандықтан, сөздердің дұрыс жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей әсер етеді.

«Мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру», – деп жазды Ерлан Қарин.

Осыған байланысты тіл саясатын жүргізетін мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдар бас қосып, мәселені талқылаған. Нәтижесінде қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешім қабылданды.

Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Кейін еңбек Мекемеаралық комиссияның қарауына ұсынылып, бекітіледі.

Ерлан Қарин қазіргі қолданыстағы Орфографиялық сөздіктің соңғы рет 2013 жылы жарық көргеніне назар аударды. Содан бері қазақ тілінің қолданысына көптеген жаңа сөз енген. Оның пікірінше, қазіргі орфография төңірегіндегі пікірталастардың туындауына осы жағдай да әсер етіп отыр.

Мемлекеттік кеңесші жаңа Орфографиялық сөздікті әзірлеуге ұлттық жоба деңгейінде қарау керектігін атап өтті.

«Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз», – деді ол.