Қазақстанда қазақ тілінің емле ережелерін жүйелеу, сөздік қорын жаңарту және тіл нормаларын біріздендіру бағытында ауқымды жұмыс басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған жобаға 60-тан астам тіл маманы мен ғалым жұмылдырылады. Бұл туралы Вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Ақорданың мәліметінше, 17 қарашада Ерлан Қарин тіл ғалымдарымен және сала сарапшыларымен кездесіп, мемлекеттік тілді дамытудың жаңа міндеттерін талқылаған. Жиында тіл ережелерін жетілдіру, қолданыстағы сөздерді біріздендіру және қазақ тілінің ғылыми негізін нығайту мәселелері қаралды. Жоба аясында барлығы 34 ғылыми еңбек әзірленеді. Оның ішінде тіл нормалары мен ережелеріне арналған 6 анықтамалық, 19 негізгі сөздік және 9 академиялық аударма сөздігі бар. Жаңа еңбектер орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық және терминологиялық бағыттарды қамтиды.
Дайындалған сөздіктер мен анықтамалықтар «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» атты ұлттық цифрлық платформаға енгізіледі. Осылайша, мұғалімдер, студенттер, журналистер, аудармашылар және жалпы жұртшылық қазақ тілінің нормаларына қатысты мәліметтерді бір жерден пайдалана алады. Ерлан Қарин бұл бастаманың тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілінің болашағы үшін тек күнделікті қолданысын кеңейту жеткіліксіз, оны ғылым мен инновацияның тіліне айналдыру қажет.
«Қазақ тілі ғылым мен инновация тіліне айналмай, ісіміз ілгерілемейді», – деді ол.
Айта кетейік, 10 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілдің емле ережелерін жүйелеу, сөздіктерді жаңарту және қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту қажеттігін айтқан болатын.