Енді Құрылтай депутаттары отырыс кезінде мінберді жеке мақсатта пайдаланып, жақындары мен туыстарын туған күнімен құттықтай алмайды. Жаңа регламенттегі бұл талапты депутат Снежанна Имашева журналистерге түсіндірді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, Құрылтай регламентінің 26-тарауында депутаттық әдеп нормалары нақты көрсетілген. Соған сәйкес, депутаттар отырыста сөз сөйлеу мүмкіндігін депутаттық өкілеттігін жүзеге асыруға қатысы жоқ жеке өтініштер үшін пайдаланбауға тиіс.
«Біз қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрекет етуге дайындалып жатырмыз. Бұл ретте тиісті органдар мен мамандандырылған мекемелердің қалыпты жұмысына кедергі келтірмеу маңызды. Жеке және басқа да өтініштер бойынша белгіленген өкілеттіктер аясынан шықпауымыз керек», – дейді депутат.
Яғни депутаттардың мінберден туған күнмен құттықтауы немесе басқа да жеке сипаттағы өтініш айтуы жаңа тәртіпке қайшы саналады.
Сонымен қатар регламент депутаттардан жоғары мінез-құлық мәдениетін сақтауды, әріптестеріне құрметпен қарауды, сөйлеушінің сөзін бөлмеуді және дөрекі не қорлайтын сөздерге жол бермеуді талап етеді.