Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, профессор, әнші-композитор Ағайша Исағұлова 83 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Ағайша Исағұлова саналы ғұмырын музыка мен ұстаздыққа арнады. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұзақ жылдар еңбек етіп, 1968 жылы кейін Кеңес Одағы мен шетелге танылған «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблін құрды. Сондай-ақ «Шаттық жыры» ансамблі мен «Өнер – жастан» студенттік опера театрының негізін қалаушылардың бірі болды.
“Мен қазақтың екі-ақ қызын білемін. Біріншісі – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы еді, екіншісі қарындасым Ағайша – баянда ойнап ән айтады. Бұл қыздар елімізге келген біртуар таланттар ғой”, – деген Айғайша Исағұлова туралы Дінмұхаммед Қонаев өз естелеіктерінде.
Ағайша Исағұлова Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Польша, Түркия және басқа елдерде өнер көрсеткен. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді.
Әншінің жаназасы 10 қыркүйекте Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтеді.
Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.