$ 454.46
 527.72
 5.25

Қазақстанда БЖБ мен ТЖБ барлық сыныпта алынып тасталады

Редактор
09.09.2026, 16:16
ЖИ көмегімен жасалынған
ЖИ көмегімен жасалынған
Қазақстан мектептерінде БЖБ мен ТЖБ барлық сыныптарда кезең-кезеңімен алынып тасталады

Қазақстан мектептерінде бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) барлық сыныптар үшін кезең-кезеңімен алып тастау жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Министрдің айтуынша, биыл орта және жоғары сыныптарда бағалау жүйесі өзгеріссіз қалады. Ал келесі кезеңде БЖБ мен ТЖБ 5-9-сыныптарда қайта қаралады.

«Келесі кезең 5-9-сыныптарда жүзеге асырылады. Бұл – келесі жылы. Одан кейін 10 және 11-сыныптарда да қайта қараймыз. Қазір Ыбырай Алтынсарин атындағы академияда бағалау департаменті құрылды. Олар мұғалімдер үшін үлкен аналитикалық материал дайындап жатыр», – деді министр.

Осылайша, 2028-2029 оқу жылына қарай БЖБ мен ТЖБ-ны барлық сыныптарда толық алып тастау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар елімізде 12 жылдық мектеп білімінен толық бас тарту мәселесі қарастырылуда. Қазір мұндай жүйе кейбір мектептерде ғана қолданылады. Олардың білім беру бағдарламасын 11 жылдық жүйеге ауыстыру-ауыстырмау жөніндегі шешімді министрлік келесі жылдың қаңтарына дейін қабылдамақ. Бұл мәселені арнайы комиссия зерттеп жатыр.

Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар чатындағы қарым-қатынасты да реттеу қажеттігін айтты. Министрлік ата-аналар мен мұғалімдердің байланысына қатысты бірыңғай талаптар әзірлеуге дайын.

Оның сөзінше, мұғалім бір жұмыс күні ішінде орта есеппен 150 баламен қарым-қатынас жасайды. Сабақ аяқталғаннан кейін де дәптер тексеріп, келесі күнгі сабаққа дайындалуы қажет. Сондықтан министр баланың қай ауысымда оқитынына байланысты сағат 18:00 немесе 20:00-ден кейін мұғалімдерді ата-аналардың хабарламаларынан босатуды ұсынды.

Брифингте оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты кейбір мектептерде енгізілген талаптар да сөз болды. Министр бұл мәселеге нақты баға бермей, оқушының сыртқы келбеті оқу процесіне кедергі келтірмеуі тиіс екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау