Қазақстанда азаматтардың фото және видеобейнелерін олардың келісімінсіз пайдалануға қатысты талаптар нақтыланбақ. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтайда мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз етуге және олардың құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, интернетте ашық жарияланған фото және видеоматериалдарды өзге адамдардың пайдалану тәртібін нақтылау көзделіп отыр.
«Бұдан бөлек, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты жағдайлар нақтыланады. Ашық дереккөздерден алынған адамдардың фото, видеобейнелерін олардың келісімінсіз пайдалануға тек адамның өзі оларды одан әрі пайдалануға тыйым салмаған жағдайда ғана жол берілетін болады», – деді Арман Қырықбаев.
Яғни ұсынылып отырған нормаға сәйкес, адам өзінің ашық дереккөздерде жарияланған фото немесе видеосын одан әрі пайдалануға тыйым салмаса, оны келісімінсіз қолдануға жол берілуі мүмкін. Ал мұндай тыйым болған жағдайда материалды пайдалануға қатысты шектеу қарастырылады.
Жеке және отбасылық өмірге қатысты мәліметтер де қорғалмақ
Министр азаматтардың жеке және отбасылық өміріне қатысты ақпараттарды қорғау мәселесіне де тоқталды.
«Сонымен қатар адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік ісіне жатпайтыны тікелей бекітіледі», – деді ол.
Бұл өзгерістер адамның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысы жоқ жеке өміріне байланысты фото, видео және басқа да мәліметтерді қорғау нормаларын нақтылауға бағытталған. Арман Қырықбаевтың айтуынша, ұсынылып отырған талаптардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, цифрлық ортада да қамтамасыз ету.