Қазақстан мен Ресей президенттері Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Елдегі алғашқы атом электр станциясы Алматы облысы Үлкен ауылының маңында салынады. Оның құрылысын "Росатом" салады.
Тоқаев Ресеймен Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы келісімдердің ерекше маңызы бар екенін мәлімдеді.
"Энергетика саласын ынтымақтастықтың өте табысты саласы ретінде көрсетуге толық негіз бар. Менің ойымша, бүгін Балқаш атом электр станциясын салу туралы қол қойылған келісімнің ерекше маңызы бар", - деді Тоқаев.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстанда Балқаш атом электр станциясының іске қосылуы елдің энергиямен жабдықталуына айтарлықтай үлес қосатынын мәлімдеді.
"Станцияның іске қосылуы Қазақстан экономикасын энергиямен жабдықтауға айтарлықтай үлес қосады және бизнес пен үй шаруашылықтарын қолжетімді және таза энергиямен қамтамасыз етуге көмектеседі", - деді Ресей президенті Ресей-Қазақстан келіссөздерінен кейін.
Путин сонымен қатар бұл жай ғана атом электр станциясын салу емес, бұл білім беру мен кадрларды даярлауды қоса алғанда тұтас саланы құру жұмыстары екенін айтты.
"Росатом" басшысы Алексей Лихачев өз кезегінде журналистерге ауқымды жобаның алдағы жоспарларымен бөлісті.
"Алда өте үлкен жұмыс күтіп тұр: құрылыс-монтаж базасын дайындау, лицензиялау бойынша қазақстандық кәсіпорындармен келісімшарт жасау мәселелері бар. Қазақстан атом технологиясын ондаған жыл бойы дамытып келе жатқан мемлекет. Кеңес заманында мұнда атом электр станциялары болған. Сондықтан біз тапсырыс берушімен, үкіметпен және Қазақстандағы тиісті ұйымдармен бірлесе отырып осы жобаны жасап, жүзеге асыратын боламыз", — деді Лихачев.
Оның айтуынша, 28 мамырда Астанада АЭС бойынша жобалық келісімге, сондай-ақ қаржылық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісімдерге қол қойылады. Сонымен қатар мемлекетаралық несие туралы құжатқа да қол қойылады.
"Несие капитал салымдарының басым бөлігін қамтиды, бірақ толық емес. Қаржыландырудың бір бөгі қазақстандық тараптың үлесінде қалады. Сондай-ақ біз қаржылық және транзакциялық шығындарды барынша азайту үшін өзара есеп айырысу жүйесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Негізгі келісімдерге қол қойылды, енді құрылыс жұмыстарын бастап, аяқтау ғана қалды", — деді Лихачев.