$ 443.96
€ 487.73
₽ 5.38

Қазақ бидайына сұраныс артып келеді: мемлекеттік қолдау жаңа нарықтарға жол ашты

Редактор
18.11.2026, 08:00
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
Қазақстан астық экспортының географиясын кеңейтіп келеді. Отандық бидай дәстүрлі нарықтармен қатар Еуропа мен Солтүстік Африка елдеріне де жеткізіле бастады. Бұл жетістікте шаруаларды қаржыландыру, экспорттаушыларға салықтық қолдау көрсету және тасымал шығындарын субсидиялау шаралары маңызды рөл атқарды. Bairaqmedia.kz отандық астықтың экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктеріне шолу жасады.

Шаруаларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Елімізде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржылық қолдау бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Азық-түлік корпорациясының астықты форвардтық және тікелей сатып алу тетіктері. Корпорацияның сатып алу бағасы астық нарығы үшін негізгі бағдар саналады. Ал қаржыландыру тетіктері шаруаларға өндірістік шығындарын жабуға, айналым қаражатын толықтыруға және келесі егіс маусымына дайындалуға мүмкіндік береді.

Саланы қолдаудың бір бағыты – астық трейдерлеріне қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару. Мұндай шешім жаңа Салық кодексін енгізуге қатысты жобалық кеңсе отырысында қабылданды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға ҚҚС-ны есепке алу кезінде бұрынғы түзету қолданылмайды. Салықты қайтару барысында өнімнің өндірушіден экспорттаушыға дейінгі қозғалысы және осы аралықтағы салық төлемдері «пирамида әдісі» арқылы тексеріледі. Егер тексеру нәтижесінде барлық талаптың сақталғаны расталса, экспорттаушы бұрын төлеген ҚҚС-ны толық қайтара алады. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин астық экспорттаушылардың тасымал шығындарын өтеуге арналған мемлекеттік бағдарлама 2026–2027 маркетингтік жылға да ұзартылатынын мәлімдеді.

Мемлекеттік қолдау экспорттағы кедергілерді азайтты

Қазақстанның астық экспортындағы негізгі мәселелерінің бірі – көлік шығындарының жоғары болуы. Еліміздің ірі теңіз порттарынан шалғай орналасуы отандық өнімнің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне әсер етіп келді.

Қазақстан астық одағының талдау комитетінің төрағасы Евгений Карабанов Agrosearch компаниясының бас директоры Жеңіс Шаймерденовпен подкаст барысында осы мәселеге тоқталып, тасымал шығындарын субсидиялаудың тиімділігін атап өтті.

«Біз әрдайым Ресей мен Украинадан логистика жағынан ұтылып келдік», – дейді сарапшы. Оның келтірген дерегіне сәйкес, Қазақстаннан бір тонна астықты Қара теңіз порттарына жеткізу құны 70 долларды құраса, Ресейдің оңтүстік өңірлеріндегі экспорттаушылар бұл мақсатқа небәрі 10–20 доллар жұмсайды. Ал тасымал бағытына байланысты бір тонна астыққа 38–56 доллар көлемінде мемлекеттік субсидия берілуі осы айырмашылықты азайтып, бәсекелестік шарттарын теңестіруге ықпал еткен. «Осы бағдарламаның арқасында көптеген қосымша нарықтар ашылды», – дейді Евгений Карабанов. Сарапшының пікірінше, мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандық экспорттаушылар бұрын қолжетімсіз болған нарықтарға шыға алды.

Тасымал шығындарын субсидиялаудың ішкі нарық үшін де маңызы зор. Мол өнім жиналған жылдары астықтың шамадан тыс қордалануы оның бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ал экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту осындай тәуекелдерді азайтып, шаруалардың қаржылық тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.

Қазақ бидайын қандай елдер сатып алып жатыр?

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Қазақстанның астық экспорттайтын елдерінің қатары кеңейді. Отандық бидай Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Нидерланд, Ұлыбритания сияқты Еуропа елдеріне, сондай-ақ Марокко, Алжир және Мысыр мемлекеттеріне жеткізілді. Евгений Карабановтың айтуынша, Вьетнам мен Әзербайжан да Қазақстан астығын сатып алу көлемін едәуір арттырған. Сонымен қатар Азық-түлік корпорациясы Қытай арқылы мультимодальды бағытпен Вьетнамға астық тасымалдауды сынақтан өткізді. Бірнеше көлік түрін пайдалану арқылы жүзеге асырылатын мұндай тасымал бағыттары отандық өнімді жаңа нарықтарға жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Астық экспортының кеңеюі ауыл шаруашылығымен қатар экономиканың сабақтас салаларының дамуына да оң ықпал етеді. Атап айтқанда, көлік-логистика, астық сақтау, қайта өңдеу, машина жасау және сервистік қызмет көрсету салаларында қосымша сұраныс қалыптасады. Алдағы уақытта балама тасымал бағыттарын игеру, астық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін мол өнім жинаумен қатар, оны тиімді бағамен өткізу де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары шаруалардың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және отандық өнімнің халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау