$ 443.96
€ 487.73
₽ 5.38

Қазақ айтысы қара жамылды: Әсия Беркенованың өмірден өткені хабарланды

Редактор
18.11.2026, 09:12
әлеуметтік желі
әлеуметтік желі
Әсия Беркенова тек айтыскерлігімен емес, ұстаздық қызметімен де танылды

Қазақтың белгілі айтыскер ақыны, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова 76 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарға байланысты Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Өңір басшысы Әсия Әйіпқызын қазақ айтыс өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ел құрметіне бөленген дара тұлға ретінде еске алды.

«Қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық ақыны, «Барыс» орденінің иегері, Қостанай облысының Құрметті азаматы Әсия Әйіпқызы Беркенова дүниеден өтті деген қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Тобыл-Торғай жұртшылығына, апамыздың әулетіне қайғыра көңіл айтамын», – деп жазды Құмар Ақсақалов.

Әсия Әйіпқызы Беркенова 1950 жылы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. 1980 жылдардан бастап айтыс өнеріне белсене араласып, республикалық және халықаралық жыр додаларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста бірінші орын иеленді. 1990 жылы оған Қазақстанның халық ақыны атағы берілді. Әсия Беркенова тек айтыскерлігімен ғана емес, ұстаздық қызметімен де танылды. Халық ағарту ісінің үздігі атанып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Құмар Ақсақалов ақынның отбасылық өміріне де тоқталып, оның артында өнегелі ұрпағы қалғанын атап өтті.

«Өмірлік серігі Табылды ағамызбен бірге Аян, Айбек, Айгүлдей перзенттер тәрбиелеп, немере-шөберелерінің қызығын көрді. Артында өшпес мұрасы мен жарқын бейнесін жалғастырар ұрпағы қалды», – деді облыс әкімі.

Әсия Беркенова өнердегі және қоғамдық өмірдегі еңбегі үшін «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған. 2025 жылғы қарашада Қостанайда ақынның 75 жылдық мерейтойына арналған «Айдын жырдың аққуы» республикалық айтысы ұйымдастырылған болатын. Қазақ айтысының дамуына зор үлес қосқан ақынның өрнекті өлеңдері мен өткір жырлары, ұлттық өнер мен ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі халық жадында сақталады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау