Жылыту маусымында 4 мыңнан астам өрт тіркеліп, 187 адам көз жұмды. Бұл туралы Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Министрлік мәліметінше, 2024–2025 жылғы жылыту маусымы кезеңінде елімізде 4 041 өрт тіркеліп, 187 адам қаза тапқан, 162 адам түрлі жарақат алған, 416 адам құтқарылған. Күн сайын ТЖМ бөлімшелері 100-150-ге дейін түрлі сипаттағы төтенше жағдайларға, соның ішінде өрттерді сөндіруге шығады.
Алдын алу жұмыстары аясында халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 36 000-нан астам үйге иісті газ датчигі орнатылды. Бұл құрылғылардың арқасында 281 адамның өмірі аман қалды, оның 36-сы – биылғы маусымда құтқарылды.
Өрттердің себептері мен негізгі ошақтары
Жылу маусымындағы өрттердің:
-
45%-ы – жеке тұрғын үйлерде,
-
41,5%-ы – шаруашылық құрылыстарда,
-
13%-ы – көппәтерлі тұрғын үйлерде болған.
Басты себептер ретінде электр құрылғыларын (36,5%) және пеш жағу ережелерін (33%) бұзу, отты абайсыз пайдалану, мас күйде темекі шегу, балалардың отпен ойнауы тіркеліп отыр.
Министрлік балалардың өрт кезінде көз жұму деректеріне алаңдаушылық білдіріп, ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және тұрмыстық өрттің алдын алуға белсенді қатысуға шақырды.
Табиғи өрттер қаупі сақталады
Қазір өңірлерде өрт қауіпті кезеңге дайындық басталды. Аумақты тазарту, орман және дала алқаптарын жырту, мобильді рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 900-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Алайда құрғақ ауа райы мен қураған шөптің көптігі табиғи өрт қаупін арттырып отыр. Осыған байланысты ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.