Айтыс өнерінің абызы, белгілі ақын Жүрсін Ерман Асанәлі Әшімовтің қос ұлына арналған әннің сөзін өзі жазғанын айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ақынның айтуынша, әннің әуенін Алтынбек Қоразбаев жазған. Ол Жүрсін Ерманға хабарласып, мәтінін жазып беруін өтінген.
Асанәлі ағам жасы үлкен болса да, менің рухани досым. Сол себепті көп ойланбай, тез жазып бердім. Ән сәтті шықты. Оны Асанәлі өзі орындады. Ол мәтінді 20 минутта жазды деп айтып жүр, ал мен оны небәрі 10 минутта жазып бердім, — деді ақын.
Сондай-ақ Жүрсін Ерман қазіргі уақытта өлең жазумен айналыспайтынын да жасырмады. Оның сөзінше, өлең — адамның қалауымен емес, Жаратқанның қалауымен келетін дүние.
Қазір жазып жүрген жоқпын. Өлең жүректен өзінен-өзі тууы керек. Жас та келді, денсаулық та сыр беріп жүр. Жүректің оты азайғандай. Өлең күштеп жазылатын нәрсе емес, — деп түйіндеді ол.