Жетісу облысының құрылғанына 3 жыл толды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
2022 жылы 8 маусымда Мемлекет басшысының жарлығымен Жетісу жеке облыс болып қайта құрылған еді. Осы үш жыл бойы аймақ әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша республикада үздік үштікке енді.
Осы кезеңде облысқа 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды. Өңірде 712 мың гектар қайта айналымға кіріп, 500 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылды. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, 1 млн шаршы метр баспана салынды.Үш жылда әлеуметтік нысандардың 52 пайызы жаңарды. Қазіргі таңда 84 елдімекенге табиғи газ тартылды. Республикалық маңызы бар 500 шақырымға жуық жол реконструкциядан өтті, - делінген Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Өңірде 2022-2024 жылдар аралығында жалпы көлемі 135 млрд теңгеден асатын 135 жоба жүзеге асқан. Осы кезеңде облысқа 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылса, оның 796 млрд теңгесі – жеке инвесторлар қаржысы.
Бұл ретте Талдықорған қаласында өндіріс аккумуляторларын шығаратын «Asma industrial» ЖШС, «Жетісу Мажико агрокешені» өсімдік май зауытын, «Стальбетон» кірпіш зауытын, Кербұлақ ауданында құрылысы жүріп жатқан тау-кен байыту комбинатын атап өтуге болады. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың арқасында 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған
Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан «Қорғас» ШЫХО, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Нұр жолы», «Достық» кедендік өткізу бекеттері, «Алтынкөл» станциясы жаңадан құрылған облыс экономикасының негізгі драйверіне айналды.
Бір ғана «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да құны 54 млрд теңгеден асатын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 1,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазір жалпы инвестиция көлемі 629 млрд. теңгеден асатын 38 жоба жүзеге асырылу үстінде, оларда 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
«Достық» станциясында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Автомобиль өткізетін жаңа пункт бой көтеріп, тәулігіне 1600 көлікке дейін жеткізілді.
Президент тапсырмасымен Достық-Мойынты темір жол учаскесінің жол құрылысы биыл аяқталмақ.
Өңірде шығатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 65%, атап айтқанда қант қызылшасы, жүгері, бидай, соя, ет, сүт өнімдері осында өңделеді. Десе де, негізгі басымдықты қант өндірісіне аударып, тәтті түбір алқабы 3,3 есе ұлғайтылыпты. 13,7 мың гектардан өткен жылы шаруалар рекордтық 635 мың тонна рекордтық өнім алды.
Өңірде төрт түлік саны еселеніп келеді. Бүгінгі таңда облыста мал саны 2,5 млн-нан асса, соның 552 мың басы ірі қара, 2,0 млн. басы ұсақ мал, 224 мыңы жылқы.
2022-2024 жылдар аралығында пайдаланылмай жатқан 1,2 млн гектар жер анықталды. Осы уақытта 712 мың гектар қайта айналымға қосылып, 500 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Соңғы үш жылда Жетісуда 1 млн. шаршы метр баспана салынды. 5 мыңға жуық пәтерлі 85 көп қабатты үй және 182 жеке тұрғын үй бой көтерген. Бұған қоса, Жетісу облысында апатты үйлер мәселесі 90 пайызға шешілгенін атап өткен жөн.
Облыс құрылғанға дейін аймақта небәрі 5 елдімекен газдандырылса, қазіргі таңда олардың саны 84-ке жетті. Ал орталық сумен қамту көрсеткіші –91,3%.
Республикалық маңызы бар 500 шақырымға жуық жол реконструкциядан өтті. Транзиттік әлеуеті зор «Талдықорған-Үшарал», «Үшарал-Достық» жолдары пайдалануға беріліп, «Сарыөзек-Көктал» тас жолы, оның ішінде Алтынемел асуының жолы жаңғыртылған. «Жаркент-Көктал» және «Жаркент-Қорғас» жолдарының негізгі учаскелері күрделі жөндеуден өткізіліпті. 30 жылдай жөндеу көрмеген «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолы қалпына келтірілген.
Жол қатынасының жақсаруы өңірде туризмнің дамуына серпін беруде. Балқаш көліне апаратын жолдың құрылысы аяқталады.Алакөл көліне дейінгі жол жасалып бітті. Үшарал әуежайының ұшып-қону алаңы ұзартылып, ірі ұшақтарды қабылдауға жағдай жасалды. Бұрханбұлақ сарқырамасына апаратын жолдың құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Жасылкөлге дейінгі жол салына бастады.
Өткен демалыс маусымында облысқа келген туристер саны 2 млн. болды.
Үш жылда әлеуметтік нысандардың 52% жаңарды. 270 нысан бой көтеріп, күрделі жөндеуден өтті.
Денсаулық сақтау саласында емдеу мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында облыста өткен жылдан бері республикада бірінші болып ауылдық жерге келген дәрігерлерге 5 млн. теңгеден, қалаға келген дәрігерлерге 5 млн. теңгеден бір реттік көтерме ақы тағайындалған. Бүгінге дейін 110 дәрігерге көтерме ақы беріліп, маман тапшылығы 20,3 %-ға азайды.
Үш жылда білім беру саласында 20 нысан салынды. Олардың 15-і – мектеп. Саладағы бейімделген ғимараттар саны 69-дан 39-ға азайды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Жаркент қаласында 1200 орындық білім шаңырағы пайдалануға берілді. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен Талдықорғанның іргесіндегі Ынтымақ ауылында 1200 орындық мектеп ашылды. Ал қайтарылған активтер есебінен Панфилов, Кербұлақ аудандары және Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылында 3 мектеп құрылысы жүргізілуде.
Әлеуметтік қорғау саласына келсек, облыс құрылғаннан бері өңірде мүгедектігі бар адамдар үшін 774 нысан бейімделді, инватакси саны 2 есеге өсті, сондай-ақ, әлеуметтік қорғау саласында 20 жаңа нысан ашылды.
Облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында 33 спорттық нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде «Жетісу» кәсіби волейбол клубының оқу-жаттығу спорт кешені, сол сияқтыжеке инвесторлардың есебінен аталған клуб мүшелеріне арналған тұрғын үй, Үстел теннисі орталығы салынып, іске қосылды. Үш жылда өңірде 13 мәдени ошақ жаңадан тұрғызылды, соның бірі - Қаратал аудандық тарихи-өлкетану музейі. Сондай-ақ, 10 нысан күрделі жөндеуден өтті.
Үш жылда өңірде 11 саябақ, 5 сквер және 2аллея салынды, 21 саябақ жөндеуден өтті. 360 мың түп көшет отырғызылды.
3 жылда осындай жетістікке жеткен өңірді осы топырақтан шыққан танымал тұлғалар құттықтауда.
Алғашқылардың бірі болып құттықтағандардың ішінде қазақстандық ұшқыш, Әскери-әуе Күштерінің генерал-майоры Айдын Айымбетов те бар.
Құрметті жерлестер! Баршаңызды облыстың 3 жылдығымен құттықтаймын. Облыста осы үш жыл ішінде тұрғын үйлер салынып, жаңа шағын аудандар бой көтеруде. Жолдар жөнделіп, туризм дамытылуда. Туған өңіріміз бұдан әрі де өсіп-өркендей берсін!, - деді ұшқыш, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов.
Жетісулықтарға Парламенттің VII шақырылымының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен де ізгі тілегін жолдады.
Үш жылдық мерекемен құттықтай отырып, Жетісуымның елінде, жерінде, шалғай әрбір ауылында береке-бірліктің болғанын тілеймін. Жетісу халқының еңсесі биік, болашағы кемел болсын. Жастары жарқырап өсе берсін, - деді ол.
Кеңестік және қазақстандық киноактер, Қазақ КСР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ықтымбаев та құттықтаудан шет қалмады.
Үш жылда Жетісу деген облыс пайда болды, отыз жылда атқарылатын нәрсе істелді. Талдықорғанға кетіп бара жатқанда, көлікті тоқтатып, Мұқыры тауының төбесіне шығып, сүйсініп қарап тұрамын. Талдықорған қаласы болсын, Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Панфилов аудандары болсын, бәрі де керемет өзгерген. Тау қопарғандай іс атқарылды. Тойларың құтты болсын, ағайын-туғандар!, - деп тілегін білдірді.
Түрлі салада еңбек етіп жүрген танымал адамдардан 20-дан астам бейнеқұттықтау келіп түскен.
Еске салсақ, сол сияқты аймақтың 3 жылдағы негізгі жетістіктері туралы облыстық «Жетісу» телеарнасы фильм дайындаған болатын.