Қазақта «жүз» болмаған. Бұл сөз жоңғарлардан келген. Бұл пайымды еңбек жолының 25 жылын архив ісіне арнаған тарих ғылымдарының докторы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Болатбек Нәсенов Дулат Тастакейдің подкастында айтты, деп жазады bairaqmedia.kz.
«Бұл сөзіме дәлел біреу ғана. Мен Абылай ханның барлық хаттарын кітабыма кіргіздім. Ескі славян тілінен орыс тіліне аудардым. Сол хаттардан бір ауыз «жүз» деген сөзді көрмедім. «Орда» сөзі бар. Әбілқайырдың мыңдаған хатын кіргіздім үш томға. Бір хатта «жүз» деген сөз жоқ, «орда» бар. Төле бидің, Қазыбек бидің хаттарын тауып алдым, онда да «орда» деген бар. Кенесарының хатын, Қайып ханның хатын таптым. Барлығында тек «орда» сөзі қолданылған. Біреуінде «жүз» деген сөз жоқ», - дейді ол.
Тарихшы қазақта «жүз» сөзі болмағанының тағы бір дәлелі ретінде тарихтан дерек келтіреді.
«Төле биді Ташкентке «старший» ретінде сайлаған кезеңде Қалдан Сереннің айтатын сөз бар:
«Төле би, Сіз қазақтың көрнекті адамдарының бірісіз. Ташкентте қазақтар көп. Мен сізді Ташкентке жоңғардың ұлы жүзінің ханы қылайын», дейді.
Мына оңтүстіктегі үйсіндер «біз ұлы жүзбіз» дегенді содан алып қалған. Ол қазаққа арналмаған. Жоңғарлардың саясаты – қазақты тарату болған. Орда дегенді құрту керек еді. Сосын орыстар да қазақта мемлекет болғанын мойындағысы келмеді. Орда деген бір емес, үш мемлекет болды: Үлкен орда, Орта Орда, Кіші Орда. Мен «жүз» дегенді мойындамаймын. Жоғарыда атап өткен хан, билердің бір хатында «жүз» деген болса, үндемес едім. Рулар бар, олар жүзге бөлінбеген. Олар Орданың ішіндегі рулар», - деп түсіндірді ол.