$ 453.26
€ 506.7
₽ 5.58

Фермерді аямай азаптаған: қарулы адамдар оның екі құлағын кесіп кеткен

Редактор
04.11.2026, 18:17
ЮАР
ЮАР
Демалыс күндері полиция бес күдіктіні ұстаған.

Оңтүстік Африка Республикасында фермер Донован Марксты өлтіруге оқталды деген айыппен төрт адам сотқа тартылды. 50 жастағы ер адамды соққыға жығып, пышақпен жаралаған қаскөйлер оның екі құлағын кесіп алған. Тағы бір күдікті айыптау тарапының куәгері болуға келіскен, деп хабарлайды Bairaqmedia.

BBC мәліметінше, оқиға өткен сәрсенбіде Солтүстік-Батыс провинциясындағы Вентерсдорп қаласында орналасқан фермердің шаруашылығында болған.

Бетперде киген қарулы адамдар алдымен үй маңында көгал шауып жүрген жұмысшыға жақындап, қожайынның қайда екенін сұраған. Кейін оның қолы мен аяғын пластик байлағышпен байлап тастаған.

Фермер үйіне оралған кезде шабуыл жасаушылардың екеуі оның денесінің жоғарғы бөлігіне оқ атқан. Артынша үйге сүйреп кіргізіп, байлап, пышақпен бірнеше жерінен жарақаттаған. Қаскөйлер ер адамның екі құлағын да кесіп алған.

Осыдан кейін олар үйді тінтіп, сейфтен үш атыс қаруын алып, фермердің фургонымен оқиға орнынан ізін суытқан.

Шаруашылық жұмысшысы өздігінен босап шығып, көмек шақырған. Донован Маркс ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта ол әлі де дәрігерлер бақылауында жатыр. Хирургтер оның құлағын сақтап қала алмағандықтан, алдағы уақытта протез қажет болуы мүмкін.

Демалыс күндері полиция бес күдіктіні ұстаған. Сейсенбіде олардың төртеуі сот алдына келді. Жасы 26 мен 56 аралығындағы ер адамдарға адам өлтіруге оқталу, қарақшылық және атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау айыптары тағылды. Ал бесінші күдікті айыптау тарапының куәгері болуға келіскен.

Оңтүстік Африканың ауыл шаруашылығы министрі Вилли Аукамп шабуылды айыптап, оны мағынасыз әрі жабайы әрекет деп атады. Ал парламенттің полиция мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Иан Кэмерон құқық қорғау органдарының жедел әрекетін атап өтіп, істің жан-жақты тергелуіне шақырды.

Бұл оқиға елдің ауылдық аймақтарындағы қылмыс деңгейіне қатысты қоғамдық талқылауды қайта күшейтті. Сонымен қатар мұндай шабуылдарды кейбір оңшыл топтар ақ нәсілді фермерлерге қарсы ұйымдастырылған геноцид туралы мәлімдемелерін тарату үшін пайдаланатыны айтылды. Алайда бұл тұжырымдарды Оңтүстік Африкадағы саяси партиялар, соның ішінде африканер қауымының мүддесін қорғайтын ұйымдар да жоққа шығарады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау