Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде оқитын екі қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.
Оқиға туралы ақпарат полицияға білім беру мекемесінің өзінен түскен. Павлодар облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша екі қылмыстық іс тіркелген.
«Күдіктілер анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.
Алдын ала мәлімет бойынша, мектептің психологиялық қызметі оқушылармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізу барысында жағдайдан хабардар болған. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі балалардың заңды өкілдеріне хабар беріп, полицияға жүгінген. Оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайын жариялаған жоқ.