Шымкентте 40 жастағы спорт шебері Василий Колесниковтың өліміне қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Қаланың қақ ортасында ер адамға шабуыл жасап, кейін оны ұрлап әкетіп өлтірген алты адам 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкімді 4 қарашада шығарды. Сот материалдарына сәйкес, қылмыс биыл 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Сотталғандар алдын ала сөз байласып, Василий Колесников пен оның таныстары отырған көлікті әдейі соғып, жол-көлік оқиғасын ұйымдастырған.
Осыдан кейін бір топ адам көліктегі азаматтарға шабуыл жасап, оларды соққыға жыққан. Қақтығыс кезінде жәбірленушілердің бірі кеуде тұсынан пышақ жарақатын алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Ал Василий Колесниковты күшпен басқа көлікке отырғызып, Түркістан облысы аумағына алып кеткен. Онда спортшыны аса қатыгездікпен соққыға жығып, өлтірген. Кейін оның мәйіті Ордабасы ауданындағы медициналық мекеменің автотұрағынан табылған.
Сот алты айыпталушыны адам өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, бұзақылық және алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен:
Мақсұт Арысбаев – 23 жылға;
Рауан Іңкәрбеков пен Дархан Қызбалаев – 22 жылдан;
Әлихан Ерімбет – 21 жылға;
Жанділдә Қуандықов – 20 жыл 6 айға;
Бекасыл Жұманазар – 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкімді жариялаған судья Әбинұр Қарабаев қылмыстың күндіз, қала ортасында, көпшіліктің көзінше жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, сотталғандарға жеңілірек жаза тағайындауға негіз жоқ.