Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Кездесу барысында холдингтің 2024 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2025 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды.
Рустам Қарағойшиннің айтуынша, өткен жылы холдинг 6 триллион теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсеткен. Оның ішінде 4,1 триллион теңге – ірі, орта және шағын бизнеске, 1,9 триллион теңге – тұрғын үй құрылысы саласына бағытталған.
Холдингтің активтері 14,1 триллион теңгеге жетіп, инвестициялық және несие портфелі 10,3 триллион теңгеге дейін ұлғайған. 2024 жығлы холдингтің таза табысы – 416 миллиард теңге. Бұл қаражат компаниялар тобы шеңберіндегі бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалмақ.
Сондай-ақ, президентке «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының базасында екі кепілдік қоры құрылғаны туралы ақпарат берілді. Бірі – шағын және орта бизнесті, екіншісі – құны 7 миллиард теңгеден асатын ірі жобаларды қаржыландыруға арналған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдік серіктестермен бірлесіп ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және тау-кен металлургиясы салаларында жобалар іске асырылатыны, бұл бастамалар «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында құрылатын қорлар арқылы жүзеге асатыны баяндалды.
Мемлекет басшысы экономиканың тұрақты дамуы үшін бастамаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингіне екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып, нақты секторды қаржыландыруды және энергетикалық, коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын қаржыландыру мәселесін шешуді тапсырды.