Әлеуметтік желілерде Маңғыстауда болған қайғылы оқиғаға байланысты мерзімді әскери қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауияға қатысты тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны айтылды. Екі әскери қызметшінің де аман-есен екені белгілі болды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz..
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде жеке құрамның бір бөлігі жағалауда қалып, тиісті оқу міндеттерін орындағанын хабарлаған болатын.
Министрлік мәліметінше, мерзімді әскери қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауия да жағалауда оқу тапсырмаларын орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.
Қазіргі уақытта екі сарбаз да аман-есен. Олар әскери бөлімнің орналасқан жерінде және белгіленген күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар Ахметов пен Мағауия әлеуметтік желіде арнайы үндеу жасап, өздеріне қатысты тарап жатқан ақпаратты теріске шығарды. Осылайша, Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін екі матросқа қатысты әлеуметтік желілерде тараған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні айтылды.