Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғада қаза тапқан сарбаз Мирас Тұрдыбекұлының егіз сыңары Диас бауырына арнап жүрек тебірентерлік жазба жариялады. Ол Мирасты жоқтап, ата-анасына өзі бас-көз болатынын айтып, бауырымен бірге өз киімінің бірін жерлейтінін жазды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Диас егізінен айырылғандағы жан күйзелісін өлең жолдарымен жеткізген.
«Мирас әлі мен егіз деймін,
Келер әлі Мирас деп сені іздеймін...
Күллі жұртқа сені мақтап мен әлі,
Жаман ана тапқан ұл дегізбеймін...»
Одан кейін ол бауырының орнын ешкім толтыра алмайтынын айтып, ата-анасына қамқор болуға уәде берген. Сыңары Мирасты іздеген сәттерін де еске алып, қолдан келгенше оны табуға тырысқанын жеткізген.
«Бауырым, сенің орның бір бөлек еді. Сенің орныңды кім толтырады? Қолдан келер шара бар ма? Тек сені еске алумен өтем. Уайымдама, әкем мен анама өзім бас-көз боламын. Мені сағынсаң, осымен сағынышыңды басарсың деп, ертең өз бір киімімді өзіңмен бірге жерлеймін. Тек осылай бір-біріміздің сағынышымызды басайық, егізім-ау...Қолдан келер шара бар ма, бауырым-ау. Менің де қолымнан түк келмеді, іздедім, таба алмадым. “Диас, мен мындамын” деп белгі бердің ғой әр жерден. Егізім-ау, жаның жәннатта болғай», – деп жазды ол.
Диастың бауырына арнаған қоштасу сөздері егізінен айырылған жанның сағынышы мен қайғысын жеткізеді.