$ 441.88
€ 503.61
₽ 5.24

«Барлық сыйақы толық төленеді»: Федерация Ясмина Тоқсанбаеваға қолдау білдірді

Редактор
28.09.2026, 14:45
Жеңіл атлетика федерациясы
Жеңіл атлетика федерациясы
Жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген

Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафондық қашықтықта өнер көрсетіп, 42,195 шақырымды 3:22:20 уақытта бағындырды. Нәтижесінде Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алтын жүлде әкелген болатын, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Алайда жарыстан кейін спортшының жарыс жолында пайдаланған аяқ киіміне қатысты наразылық (протест) берілді. Аталған жағдай аясында федерация спортшының құқықтары мен мүддесін қорғауды жалғастырады. Қазіргі уақытта қабылданған шешімге қатысты федерация атынан наразылық білдіріліп, тиісті шағым жіберілді.

World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімде болмаған. Сонымен қатар жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген. Осыған байланысты федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады.

Сонымен бірге Федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайды. Спортшының сапалы дайындығы мен жарыстағы нәтижесінен бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды. Федерация өз тарапынан Ясминаға толыққанды оқу-жаттығу процесін, медициналық-биологиялық сүйемелдеуді және дайындыққа қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етті. Бұл еңбектің нәтижесі жарыс жолында көрінді. Ясмина мәреге бірінші болып жетіп, чемпиондық нәтиже көрсетті.

Осы тұста ел спортшыларының халықаралық аренадағы мүддесін қорғау жұмысын одан әрі күшейту қажет деп санаймыз. Кешенді халықаралық жарыстарда бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық Олимпиада комитетінің үйлестіруімен жүзеге асырылады.

Қазақстанның барлық спорт ұйымдарының ортақ міндеті – спортшы жарысқа шыққанда өзінің дайындығына, сонымен қатар құқықтары мен мүддесі кәсіби деңгейде қорғалатынына да сенімді болуы үшін барлық қажетті шараны қабылдау.

Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау