Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов әлемдік музыка индустриясындағы кезекті жобасын таныстырды. Ол оңтүстіккореялық LNGSHOT тобының жаңа әніне бейнебаян түсіріп, K-pop саласында дебют жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Жаңа бейнебаян топтың 10 қарашада жарық көрген S.W.I.S.H. мини-альбомына енген Bananas әніне түсірілген. Түсірілім жұмыстары қазан айының басында Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өткен. Клиптің соңындағы титрлерде Айсұлтан Сейітов режиссер ретінде көрсетілген. Режиссер бұл жаңалықты Instagram парақшасында бөлісіп, кореялық әріптестеріне алғыс білдірді.
«K-pop саласындағы алғашқы жұмысым. Оны LNGSHOT тобымен бірге жүзеге асыру мен үшін үлкен мәртебе. Сенімдеріңізге, күш-жігерлеріңізге және ортақ шығармашылық көзқарастарыңыз үшін рақмет!» – деп жазды Айсұлтан Сейітов.
LNGSHOT – 2026 жылдың қаңтарында құрылған оңтүстіккореялық музыкалық топ. Оның құрамында Оюль, Рюль, Уджин және Луи есімді төрт өнерпаз бар. Ұжым хип-хоп, R&B және поп бағыттарында ән орындайды.
Айта кетейік, бейнебаянды әзірлеуге қазақстандық мамандар да қатысқан. Атап айтқанда, Қайсар Әділхан монтаж және визуалды эффектілермен айналысқан.