13 қараша күні Ақтөбе қаласындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылды. Салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сілтеме жасап.
Оқиға сағат 10:28 шамасында Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, ғимаратқа жапсарлас салынған құрылым опырылған. Артынша өрт шығып, жарылыс толқынынан көпқабатты тұрғын үйдің терезелері зақымданған.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынды сағат 10:53-те толық сөндірген. Жарылыс салдарынан екі адам жарақат алып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Олардың қазіргі жағдайы туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. Қаза тапқандар жоқ.
Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 45 құтқарушы мен 10 техника жұмылдырылған. Оқиға орнына Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы да барған. Қазіргі уақытта жарылыстың нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.