$ 443.62
€ 492.24
₽ 5.36

«Санаткер ұлт» жобасының кезекті басқосуы өтті

Редактор
13.11.2026, 18:00
bairaqmedia.kz
bairaqmedia.kz
Ұтымды ұсыныстар айтылды

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы аясындағы кезекті дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа қоғамдық этика қалыптастыру бастамаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған басқосуға «Жаңа қоғамдық сана: әдеп, тәртіп, жауапкершілік» тақырыбы арқау болды.

Жиынға модераторлық еткен Президент кеңесшісі Бауыржан Омарұлы дөңгелек үстелдің кіріспесінде жаңа қоғамға бет бұрған соң, жаңа құндылықтардың орнығуы – заңды нәрсе екенін жеткізді.

«Бүгін тілімізге тиек болып отырған жаңа этика мәселесі де – соның құрамдас бөлігі. Өздеріңіз білесіздер, жаңа тұрпатты мемлекет, сапалы ұлт деген ұғымдар біздің өмірімізге дендеп ене бастады. Түркістандағы жиында Мемлекет басшысы: «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі мен тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет», деп нақты міндет қойды. Мұны бағдарламалық міндет деуге болады», деп атап өтті Б.Омарұлы.

Іс-шараға қатысқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Құрылтай депутаттары Үнзила Шапақ, Жанарбек Әшімжан, Дәулет Кәрібек, жазушы-драматург, публицист Жабал Ерғалиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Табиғат Зейнұлқабден, Төлеген Күнәділов, Наталья Дементьева, Қазақстан қоғамдық даму институты Институционалды талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы Жандар Асан, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ философия кафедрасының профессоры Рауан Кемербай келелі ой-тұжырымдарын ортаға салды.

Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп» қағидатының орнығуы, жаңа қоғамдық сана қалыптастыру, жастар тәрбиесі, «Таза Қазақстан» идеясының маңызы, цифрлық қарым-қатынас мәдениеті секілді өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасып, ұтымды ұсыныстарын айтты. «Дөңгелек үстел» туралы толық ақпаратты «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау