Қазақстандық ауыр атлет Алексей Чуркин Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында әлем рекордын жаңартып, күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Аичи префектурасында өткен ауыр атлетика бәсекесінде Чуркин 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде алғашқы мүмкіндігінің өзінде 173 келіні бағындырып, жаңа әлем рекордын орнатты. Серпе көтеру жаттығуынан кейін Чуркин қоссайыс қорытындысында 378 келі нәтижемен екінші орынға тұрақтады.
Алтын медаль Солтүстік Корея өкілі Кванг Риол Роға бұйырды. Ол қоссайыста 379 келіні көтеріп, қазақстандық спортшыдан небәрі 1 келіге озып кетті. Қытайлық Шуннан Чен 374 келі нәтижемен қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, Алексей Чуркин Азия ойындарының күміс жүлдегері атанып қана қоймай, жұлқа көтеруде әлемдік рекордты жаңартты.