$ 440.86
€ 500.77
₽ 5.27

Ғылымға көбірек қаржы бөлінеді: Тоқаев жаңа жоспарды жариялады

Редактор
30.09.2026, 10:31
Ақорда
Ақорда
Мемлекет басшысы технология трансферін серіктестіктің үшінші маңызды бағыты ретінде атады

Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары және ғылыми институт басшыларымен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы бірлескен ғылыми зерттеулерді Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде атады.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу жөнінде келіссөз бастаған. Негізгі мақсат – еліміздің еуропалық зерттеу кеңістігіне кірігуіне мүмкіндік жасау.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі екенін де атап өтті. Ұйымның бюджеті 300 миллион еуроны құрайды.

Осы бағыттағы ынтымақтастықтың мысалы ретінде TiBeRIUM жобасы аталды. Биыл басталған жоба Horizon Europe бағдарламасы аясында 7,5 миллион еуро көлемінде қаржылай қолдауға ие болған. Оған Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургия зауыты қатысып отыр. Жоба титан мен бериллий өндірісінің төмен көміртекті тізбегін әзірлеуге бағытталған.

«Бізге дәл осындай ынтымақтастық аясын кеңейту қажет. Сол арқылы университеттер, ғылым мен өндіріс бір арнаға тоғысып, жеткізу тізбегі нығаяды. Нәтижесінде біз шикізат ресурстарынан қосылған құны жоғары өнім мен технологияға көшеміз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы технология трансферін серіктестіктің үшінші маңызды бағыты ретінде атады. Оның сөзінше, Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін арттырады. Сондай-ақ компанияларды университеттердегі ғылыми зерттеулерге инвестиция салуға ынталандыратын тетіктер іске қосылған.

Президент неміс кәсіпкерлерін Қазақстанда бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен технология трансфері орталықтарын ашуға шақырды. Мемлекет мұндай бастамаларды қоса қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау