$ 454.46
 527.72
 5.25

«Ғимараттың биіктігі екі есе ұлғайтылған»: Астанадағы Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты сотта тың мәлімет айтылды

Редактор
09.09.2026, 12:46
Видеодан скрин
Видеодан скрин
Қорғаушы тарап маман алдына қасбеттің опырылуына не себеп болғанын анықтауға бағытталған бірқатар сұрақ қойған

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева тұрғын үй қасбетінің техникалық жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Лабаева – өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс саласында жоғары техникалық білімі бар маман. Ол бұған дейін іс бойынша жасалған сот-құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысы мен 2017 жылғы техникалық қорытындыға рецензия жүргізген.

«Егер ғимарат бес қабат етіп салынғанда, оған мұндай жел және динамикалық жүктемелер әсер етпес еді. Ғимараттың биіктігі қажетті есептік параметрлер ескерілместен екі есе ұлғайтылған. Менің ойымша, жарықтар сияқты ақаулар — түпкі себеп емес, оның салдары. Әрине, жобадағы сәйкессіздіктер — құрылысты жүргізу барысында кеткен ақаулармен күшейтілген, әрекеті уақыт өте байқалатын мина секілді», — деді Лобаева.

Қорғаушы тарап маман алдына қасбеттің опырылуына не себеп болғанын анықтауға бағытталған бірқатар сұрақ қойған. Атап айтқанда, ғимараттағы кірпіш қалаудың жобаға сәйкестігі, оның көтергіш қабілеті мен беріктігі, үйдің нақты қабаттылығы, құрылыс кезінде жіберілуі мүмкін кемшіліктер және ғимараттың шамамен 20 жыл пайдаланылуы назарға алынған.

Сондай-ақ қасбеттегі ақаулар ғимаратты пайдалану кезінде тиісті күтім жасалмауынан пайда болды ма, әлде мәселенің түпкі себебі бастапқы жобалау немесе құрылыс жұмыстары кезінде кеткен кемшіліктерде ме деген мәселе сотта көтеріліп отыр.

Еске салайық, қайғылы жағдай 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде болған. Ғимарат қасбетінің бір бөлігі опырылып, бірнеше адам зардап шекті. Оқиға орнына көмек көрсетуге келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада көз жұмды.

Қазір аталған іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау