Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы бастығы Ербол Махметовке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті БАҚ-тың ресми сауалына берген жауабында растады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Қазақпарат жазды. Бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Ербол Махметовтің Астанада ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Алғашқылардың бірі болып бұл жөнінде журналист Михаил Козачков хабарлаған. Оның мәліметінше, бұрынғы көші-қон полициясы басшысына қатысты сұрақтар шетел азаматтарына құжаттарды заңсыз рәсімдеуге байланысты тергеу аясында туындаған.
Журналист таратқан ақпаратта сөз шетелдіктерге түрлі құжаттарды, оның ішінде Қазақстанда тұруға ықтиярхат алуға көмектесуі мүмкін ұйымдасқан топ туралы болып отырғаны айтылған. Сондай-ақ осы іс аясында бұған дейін Астана қаласы көші-қон қызметі басшысының орынбасары Әлия Мақаеваның ұсталғаны хабарланған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеудің бар екенін растағанымен, Махметовтің нақты процессуалдық мәртебесі, істің қандай баптар бойынша тергеліп жатқаны және өзге мән-жайлар туралы мәлімет берген жоқ.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК жауабында.