Елімізде алиментке қатысты заң өзгеруі мүмкін
Қазақстанда алиментке қатысты жаңа заң жобасы әзірленеді.
Қазақстанда алиментке қатысты жаңа заң жобасы әзірленеді. Бұл жөнінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Сенатқа тиісті ұсыныспен жүгінген, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Борышкерді іздестіру процесіндегі кедергілер
Уәкілдің айтуынша, алимент ең аз дегенде төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас, яғни 43 мың теңге болуы қажет. Сонымен қатар, сот орындаушыларына борышкердің банк есепшоттары туралы мәліметтерді сұрауға мүмкіндік беруді және алимент төлеушілердің жұмыс орындарына жалақы мөлшерін хабарлауды міндеттеу көзделіп отыр.
«Қазіргі уақытта борышкерді іздестіру талапкердің, яғни алимент алушының тіркелген мекенжайы бойынша жүргізіледі. Бұл — ақылға қонымсыз және тиімсіз, себебі алимент алушы басқа өңірде немесе тіпті басқа елде тұруы мүмкін. Мысалы, борышкер Түркістан облысында тұрса, іздестіру Маңғыстау облысында жүргізіледі, өйткені алимент алушы Маңғыстау облысында тұрады. Осылайша, қарыз алушыларды табу іс жүзінде мүмкін емес», — деді Д. Зәкиева.
Алиментті көбейтумен мәселе шешілмейді
Жуырда сенатор Жанна Асанова осындай төлемдерді есептеу тәртібін қайта қарауды ұсынды. Депутаттың айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте алимент бір балаға ата-ана табысының төрттен бірін құрайтыны көрсетілген. Алимент төлейтін ата-ана көбінесе іс жүзінде ең төменгі жалақыны 85 мың теңге етіп көрсетіп, кірісін төмендетіп жүреді. Нәтижесінде бір балаға алимент небәрі 22 мың теңге болады.
«Алимент тақырыбы тұтас қоғамды алаңдатып жүрген мәселе екені белгілі болды. Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева заң жобасы жөнінде Сенатқа ұсыныс енгізді. Ал біз Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, арнайы жұмыс тобын құрдық және заң жобасын әзірлеуге кірістік. Қазір жан-жақты талдау жүргізіп жатырмыз, алдын ала ештеңені кесіп айта алмаймыз. Өйткені, бар мәселе алимент мөлшерін көбейтумен шешіле салмайды. Мұнда ата-ананың да, баланың да, алимент алушының да, берушінің де жағдайын әділ ескеруіміз керек. Сондықтан да бұл — өте күрделі жұмыс», — дейді Сенат депутаты.
11 мың әйел алимент төлеп жүр
Ал Әділет министрлігі алимент борышы туралы ресми статистиканы жария етті. Бүгінгі таңда республика бойынша сот орындаушыларының орындауында алимент өндіріп алу туралы 322 мың атқарушылық іс бар. Ондағы 311 мыңнан астам борышкер — ер азамат болса, 11 мыңнан астам борышкер әйел бар.
«Биылғы 9 ай ішінде 33 млрд теңге сомасына 25 мың өндіріс проблемалы болып танылды, яғни борышкер алименттерін тұрақты түрде төлемейді. Дегенмен Әділет министрлігі атқарған ауқымды жұмыс нәтижесінде биыл 7 млрд теңге сомасына алимент бойынша берешек өндірілді. Алимент туралы өндірістердің 95,6%-ы бойынша өндіріп алу ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтерлік қызметтері арқылы жүзеге асырылады», — деп жазылған министрлік хабарламасында.