$ 450.79
 524.13
 5.31

«Еліміз асыға күткен сурет»: Бақытжан Базарбек қуанышты жаңалық айтты

Редактор
11.09.2026, 12:14
әлеуметтік желіден
әлеуметтік желіден
Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақталған

Бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек ауыр жол апатына түскен Нұржігіттің ауруханада ес жиып, аяққа тұрған сәтінен фото жариялады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Жазбада ол Нұржігіттің өмірін сақтап қалған Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының ұжымына ерекше алғыс айтты.

«Нұржігітті тұрғызған дәрігерлер. Бұл — еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет. Суретте — өз білімі, ерекше кәсібилігі мен жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігітті ажалдан аман алып қалып, есін жиғызып, қайтадан аяққа тұрғызған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері. Ортада — Нұржігіт Қошанов. Оң жақта — Тараз қаласы көпбейінді ауруханасының бас дәрігері — Мұрзақасымов Хамит Саттарқұлұлы; Бас дәрігердің орынбасары - Ордабеков Ербол Сағындықұлы; Анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі — Мусин Ғамзат Афендіұлы; дәрігерлер - Джурабаев Д.Т, Еділбаев Е.О, Раимбекова Г.Э, Баяшев Е.Н, Джапсарбаев Б.М, медбикелер - Ермекқали Б.Ж, кіші медбике Сағынтаева П.К», - деп жазды бұрынғы депутат.

Оның айтуынша, Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының реаниматологтары мен хирургтары Нұржігітті ажалдан аман алып қалған.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақталған, алда аяқ жарақатына байланысты ұзақ оңалту кезеңі жоспарланып отыр.

«Нұржігіт жатқан уақыт аралығында бұл дәрігерлер қаншама адамның өмірін аман алып қалды. Жағдайы мүшкіл науқастардың сауығып, қайтадан аяққа тұруына себепші болып келеді. Бұлар — заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес. Өз өмірін өзге адамның өмірін сақтап қалуға арнаған ақ халатты абзал жандарды қадірлей білейік, ағайын! Дәрігерлерге мың алғыс! Еңбектеріңізге мың тағзым!», - деп сөзін түйіндеді Бақытжан Базарбек.