Елдегі ең ірі салық төлеушілер бюджетке аударымды азайтқан
Қазақстандағы ең ірі 50 салық төлеушінің тізімі жарияланды
2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түскен қаражат көлемі 18,9 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 27,4%-ға артты. Бұл өсімнің негізгі бөлігі, әдеттегідей, мұнай секторынан түсті. Finprom.kz 2023 жылғы Қазақстандағы ең ірі 50 салық төлеуші компанияны қарастырған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Үздік 5 салық төлеушінің қатарына тау-кен өндіру саласындағы компаниялар кірген. Бірінші орынды бұрынғыша «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) сақтап қалды: өткен жылы компания бюджетке 3,7 трлн теңге аударған. Екінші орында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» – 978 млрд теңге. Үздік үштікті «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ аяқтайды: 319,6 млрд теңге. Одан кейін «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы: сәйкесінше 259,3 млрд және 204,4 млрд теңге аударған.
Айта кету керек, аталған бес компанияның төртеуі салық төлемдерін айтарлықтай азайтқан: ТШО 17,8%-ға, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» 30,1%-ға, «Маңғыстаумұнайгаз» 26,5%-ға және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы 14,5%-ға кеміткен. Бұл құлдырау 2023 жылғы мұнай секторындағы жалпы үрдісті көрсетеді.
Жетекші бестіктен бөлек, 2023 жылы Қазақстандағы ең ірі 15 салық төлеуші қатарына мыналар кірген:
- «Қазақстан Халық Банкі» АҚ — 203 млрд теңге;
- «Өзенмұнайгаз» АҚ — 198,1 млрд теңге;
- «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС — 178,3 млрд теңге;
- «Филип Моррис Казахстан» ЖШС — 170,5 млрд теңге;
- «Азиялық Газқұбыры» ЖШС — 167,8 млрд теңге;
- «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС — 159,5 млрд теңге;
- «Джей Ти Ай Казахстан» ЖШС — 157,5 млрд теңге;
- «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС — 152,5 млрд теңге;
- «Ембімұнайгаз» АҚ — 145,9 млрд теңге;
- «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС — 139,2 млрд теңге.
Жалпы алғанда, ең ірі 50 салық төлеушінің құрамына әртүрлі саланың компаниялары енген:
- тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 23 компания;
- өңдеу өнеркәсібі — 9 компания;
- көтерме және бөлшек сауда — 7 компания;
- ақпарат және байланыс — 3 компания, соның ішінде ұялы байланыс операторлары;
- қаржылық және сақтандыру қызметі — 3 компания, соның ішінде екінші деңгейлі банктер;
- көлік және қоймалау — 3 компания;
- кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 1 компания, атап айтқанда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ;
- құрылыс — 1 компания, ол өзінің қызметін тау-кен өндіру секторында шоғырландырған.