Елдегі электрмен жабдықтау саласындағы ғимараттар 90%-ға дейін тозған
Тау-кен саласында да осындай жағдай
Қазақстанда негізгі құралдардың – ғимараттардың, құрылыстардың, өндіріс қуатының, көліктердің, құрылғылардың және басқа да жабдықтардың әбден тозығы жеткені бұрыннан белгілі. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысына сай Қазақстандағы барлық сала бойынша тозудың жалпы деңгейі бір жыл бұрын 46,2% болса, былтыр 46,5%-ды құраған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Energyprom.kz сайтының жазуынша, тозудың ең жоғары деңгейін электрмен және жылумен жабдықтау және тау-кен өнеркәсібі салалары көрсетіп отыр. Электрмен және жылумен жабдықтау саласында ел бойынша орташа есеппен 70,5% болса, кейбір өңірлерде 80%–90%-ға дейін барады. Ал тау-кен өнеркәсібі саласында ел бойынша тозу көрсеткіші орташа есеппен 59,1% болса, кейбір облыста 70%-дан асады.
Тозудың сан түрлі себебі бар – мемлекеттің тарифтер мен бағаларды реттеуі, кейбір кәсіпорындардағы қылмыстық немқұрайлылық пен сыбайлас жемқорлық.
Qarmet-ке қарасты ЖЭС-ПВС және ЖЭС-2 электр станцияларында да жағдай қуантарлық емес. Бұл – Теміртау қаласындағы жұмыс істейтін 3 электр станциясының екеуі. Айта кетерлігі, бұл қала тозығы жеткен ЖЭС бойынша елдегі алдыңғы ондыққа кіреді. Қаладағы осындай өндіріс орындарының тозу деңгейі 67%-ды құрайды.