Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін Қазақстанға шетелдің тәжірибесін дәлме-дәл көшіріп алудың қажеті жоқ. Өйткені елімізде өзін ақтаған тиімді модельдер жеткілікті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы журналистердің сұрағына жауап берген «Әділет» партиясының кандидаты Геннадий Зенченко айтты.

Оның сөзінше, Қазақстанның агроөнеркәсіп саласы әртүрлі қалыптасу кезеңінен өтті. Бүгінде сала елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың өсуіне серпін беретін жетекші салалардың біріне айналып келеді.
«Бізде бәрі бар. Мәселен, Солтүстік Қазақстанның сүт өндірісі моделі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Бұл тәжірибе Ресейде емес, Қазақстанда қалыптасты. Кейін ол еліміздің өзге өңірлеріне де үлгі болды», – деді Геннадий Зенченко.

Оның айтуынша, агросалада жемісін берген тәсілдерді әр өңірдің ерекшелігіне қарай енгізген жөн. Себебі елдің барлық аймағына ортақ бір ғана модель тиімді бола бермейді. Бір өңірде сүт шаруашылығы жетекші сала болса, енді бірінде өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу немесе шағын фермерлік қожалықтар басымдыққа ие.
«Қазақстан – кең байтақ ел. Сондықтан әр өңірдің ерекшелігін ескерген жөн. Бір аймаққа тиімді модель екінші өңірге сәйкес келмеуі мүмкін. Шағын бизнестің де дамуына жағдай жасау қажет», – деді Г. Зенченко.
Оның айтуынша, ірі жобаларды жүзеге асырумен қатар шағын шаруашылықтарды қолдауды және ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген микронесиелер беруді де жалғастыру қажет. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде Қазақстан 13 миллион тоннадан астам астық пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттады. Бұл – аграрлық саланың жетістігі ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды көрсеткіш.

Сондықтан «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында шикізат сатудан дайын өнім өндіруге көшу негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген. Атап айтқанда, сүт пен етті өңдеу үлесін 70 пайызға дейін жеткізу көзделген. Бағдарламада агроөнеркәсіп кешенін дамыту ауылдық аумақтарды кешенді дамытумен қатар жүргізілетіні айтылған. Соған сәйкес 2030 жылға дейін даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл сапалы жолмен, таза ауыз сумен, электр қуатымен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.
Сонымен бірге Е-АӨК платформасының цифрлық сервистері енгізіліп, суару жүйелері жаңғыртылады. Ауылға баратын жас мамандарды қолдау шаралары күшейтіледі. Геннадий Зенченко өзінің «Әділет» партиясына қосылу туралы шешіміне де тоқталды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын айтып, алдағы өзгерістердің жаңа Конституция аясында жүзеге асатынын айтты.
«Президент жүргізіп отырған саясатты қолдау қажет», – деді Геннадий Зенченко.
Ол партияның сайлауалды бағдарламасы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың ұсыныстары мен тәжірибесі негізінде әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, құжатта әр кәсіпорын мен әр ауылдыңмүддесі ескерілген.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты