$ 453.26
€ 506.7
₽ 5.58

«Біреудің бақытына қол сұқпаңыздар»: Жазира Байырбекованың сіңлісі бес баласымен ажырасқанын айтты

Редактор
05.11.2026, 10:49
коллаж Байрақ медиа
коллаж Байрақ медиа
Нәзира Байырбекованың айтуынша, сот оның некені бұзу туралы өтінішін қанағаттандырған

Танымал әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі, бес баланың анасы Нәзира Байырбекова күйеуімен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Ол сот процесі аяқталғаннан кейін әлеуметтік желіде видео жариялап, отбасын бұзуға себеп болатын адамдарға үндеу жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Нәзира Байырбекованың айтуынша, сот оның некені бұзу туралы өтінішін қанағаттандырған. Ол енді өмірінің жаңа кезеңін бастайтынын айтып, өзгенің отбасына араласудың салдары туралы пікір білдірді.

«Қазір ғана менің өтінішім бойынша сот процесі аяқталды. Өтінішім қанағаттандырылды. Енді мен Қазақстандағы басы бос, бойдақ әйелдердің қатарындамын. Мен енді өз өмірімнің келесі кезеңін бастамас бұрын еліміздегі барлық бойдақ қыз-жігіттерге, тұрмысқа шықпаған, үйленбеген қыздар мен жігіттерге, болмаса ажырасқан ер азаматтар мен әйелдерге біреудің отбасының бақытына, тыныштығына, берекесіне, балалардың тәтті, алаңсыз балалық шағы мен қауіпсіздігіне қол сұғатын ұры болмайық деп айтқым келеді», – деді ол.

Бес баланың анасы некедегі адаммен қарым-қатынас орнатуды біреудің бақытына қол сұғумен теңестірді. Оның пікірінше, мұндай жағдайдан ең алдымен балалар зардап шегеді.

«Менің ұғымымда некедегі адаммен кездесіп, оның шаңырағының бұзылуына себеп болу – ұрлықпен тең. Өйткені сіз некедегі адаммен кездескен кезде, сіз ол отбасындағы әйелдің бақытына немесе ер азаматтың бақытына, балалардың қауіпсіздігіне, несібесіне, тыныштығына, алаңсыз балалық шағына қол сұғасыз. Сіз сол некедегі екінші адамды ғана жылатып, оның жан тыныштығын алып кетпейсіз. Сіз ол шаңырақта балалар болса, балалардың бақытынан айырасыз. Балаларды әкесінен не анасынан айырасыз», – деді Нәзира Байырбекова.

Ол сөз соңында бойдақ және ажырасқан азаматтарды өзгенің шаңырағының шайқалуына себеп болмауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау