$ 485.34
 564.45
 6.53

Дархан Жазықбай: Жаңа заң мемлекеттік қызметті жаңа деңгейге көтереді

Редактор
05.06.2026, 15:02
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
 Жастарға Президенттік жастар кадр резерві жобасының артықшылықтары таныстырылды. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жұмыс сапарымен Алматы қаласына барып, мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалар мен Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның негізгі жаңашылдықтарын таныстырды, деп хабарлайды bairaqmedia.

Алматы қаласының активімен өткен кездесуде Агенттік төрағасы аталған заңның мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге, сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыруға және азаматтарға бағдарланған басқару моделін дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Дархан Жазықбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер мен басшылар «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын берік ұстануы тиіс деген ұстанымына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер өз жұмысында Әділетті Қазақстан идеясын, сондай-ақ Заң мен Тәртіп қағидатын басшылыққа алуы қажет.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметтің миссиясын заңнамалық тұрғыдан бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді толық цифрландыру мәселелері кеңінен талқыланды.

– Заң аясында мансаптық және позициялық модельдердің артықшылықтарын біріктіретін мемлекеттік қызметтің гибридті моделі қалыптастырылды. Енді үміткерлерді іріктеу кезінде олардың мемлекеттік қызметтегі, квазимемлекеттік сектордағы және жеке сектордағы таңдаған лауазымының функционалдық бағытына сәйкес келетін жиынтық еңбек өтілі ескерілетін болады, – деді Дархан Жазықбай.

Жаңа заңда мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу көзделген. Сонымен қатар дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институты енгізіледі.

Конкурстық іріктеу рәсімдері толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін көлденең ілгерілету тетігі енгізіледі.

Кездесуде мемлекеттік қызмет саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Агенттік төрағасының айтуынша, цифрлық іріктеу жүйесінің енгізілуі конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін арттыруға бағытталған «AI Qyzmet» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта республика бойынша 60 мыңға жуық мемлекеттік қызметші аталған бағдарлама бойынша оқытудан өткен. Оның ішінде 2 700-ден астамы Алматы қаласының мемлекеттік қызметшілері.

Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Былтыр «Қоғамдық пікір» институты жүргізген зерттеу нәтижесінде азаматтардың 69 пайызы сыбайлас жемқорлықпен күреске жеке өзі қатысуға дайын екенін білдірген. Бұл қоғамдағы жауапкершілік деңгейінің артып, азаматтық ұстанымның нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Жұмыс сапары аясында Дархан Жазықбай Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің студенттерімен және жастарымен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттік қызметке кірудің жаңа мүмкіндіктері түсіндірілді.

Атап айтқанда, жоғары оқу орнын GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары нәтижемен тәмамдаған түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігіне ие. Бүгінде осы тетік арқылы республика бойынша 860 жас маман мемлекеттік қызметке қабылданған. Олардың қатарында Сәтбаев университетінің төрт түлегі бар.

Сонымен қатар жастарға Президенттік жастар кадр резерві жобасының артықшылықтары таныстырылды. 2019 жылдан бері бұл жоба аясында 450 жас маман іріктеліп алынған.

Сондай-ақ 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде алғаш рет Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізіліп, нәтижесінде 546 жас резерв құрамына енгізілді. Оның ішінде 41-і Алматы қаласының өкілдері. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 13 түлегі Президенттік жастар кадр резервіне, ал 17 түлегі өңірлік резервке қабылданған.

Сапар барысында Агенттік төрағасы мемлекеттік қызмет ардагерлерін «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілерге және университеттің белсенді студенттеріне Агенттік төрағасының Грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Жұмыс сапарының қорытындысында Дархан Жазықбай «Almaty TV» телеарнасына сұхбат беріп, мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған реформалардың маңызы, жаңа заңның негізгі жаңашылдықтары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен әңгімеледі.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау