Қоғам

«Бүркіт ем аспанда ұшқан, түстім торға»: «Шерзат ісінде» сотталушылар соңғы сөзін өлеңдетіп жеткізді

14:58, 03 маусым 2025 99

Бүгін кісі қолынан көз жұмған 16 жастағы  Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасын тапты, деп жазады bairaqmedia.kz.

Бұл үкім шығар алдындағы ең соңғы отырыс. Сондықтан тараптардың барлығы заңды мүмкіндігін пайдаланып сөйлеп қалуға тырысты. Бұған деін прокурорлар сотталушыларға 1 жыл 6 айдан, 23 жылға дейін жаза мерзімін сұраған болатын. 

Мемлекеттік айыптаушылар Ержан Тұрақбаев пен Дана Сәрсенбай сотталушылардың кінәсі дәлелдермен толық дәлелденгенін, ал қорғау тарапының уәждері сын көтермейтінін жеткізді.

«Жәбірленушілерге қатысты жекеше қаулы шығаратындай негіз жоқ. Олар жалған куәлік берді деген уәж расталмады. Куәлардың сөзі бейнежазбалармен және басқа да дәлелдермен қуатталған», - прокурор Ержан Тұрақбаев.

Сотта Абзал Шынасылдың қорғаушысы Жұмат Әбенов айыпталушының шынайы болғанын, бірақ бір сәттік сенгіштігі өзіне кері әсер еткенін айтты. Қорғаушының сөзінше, Шынасыл тергеу барысында барынша шындықты айтып келгенімен, бір сәтте елдің сөзіне алданып, мойнына артық жауапкершілік алған.

«Бәрін есептесек, жүз пайыз шындықты айтып жүрген – Шынасыл деуге негіз бар. Ол барлығын ашық айтты, тек бір қателік жіберді. Елдің сөзіне сеніп, «мойныма ала салайын» деді. Бұл – қарапайым адамның алданып қалуы сияқты жағдай», – деді Жұмат Әбенов.

«ШЕРЗАТ БОЛАТТЫ ӨЛТІРГЕН МЕН ЕМЕС. БІРАҚ  ДӘЛЕЛІМ ЖОҚ»

Ал Шерзат ісіндегі басты күдікті Абзал Шынасыл жарыссөзде марқұмның отбасынан және халықтан кешірім сұрады. 

«Бірінші жәбірленуші Нұрымов Қаржаубайдың отбасынан толықтай кешірім сұрағым келеді. Қаза қайырлы болсын! Барлығы - Алланың жазуы, бұйрық шығар. Алдында жауабымда айтып өткендей Шерзат Болатқа қолымның ұшы тиіп өлтірген жоқпын. Шерзат Болатты өлтірген болсам алдыңғы жауабымда басында-ақ мойындайтын едім. Істеген іс-әрекетімнен қашатын жігіт емеспін. Мен ақиқатты айттым алдында. Жауабымды не үшін өзгерткенім. Бір қателігім, сол кезде намысқа беріліп мойындап, мойныма алғаным. Мен жазадан қорықпаймын», - деді ол.

Сотталушы өзінің отбасы туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат тарағанын да тілге тиек етті.

«Барша Қазақ елінен кешірім сұрағым келеді. Интернет желісінде жерден алып, жерге салып жатыр, «байдың баласы, депутат, әкесі әкім» деп. Ешқандай да аға, көкем жоқ. Жалғыз ғана анам бар. Анаммен ғана тұрамын. Ешқандай қылмыстық топ емеспіз. Дайындалып барған жоқпыз. Мен де ондай болады деп ойлаған жоқпын. Шерзат Болатты өлтірген мен емес. Бірақ нақты дәлелім жоқ. Сол үшін айта алмаймын, кім істегенін»,-деді сотталушы Абзал Шынасыл.

Сот процесі кезінде Абзал Шынасылдың анасы көз жасына ерік берді.

«Мен Шынасыл Абзалдың анасы Есбергенова Ақбота Есенгелдіқызы. Мен мына жақта тағылып жатқан айыпқа келіспеймін. Өйткені мына жақта екі айдай болдық. Тыңдадық. Ешқандай дәлел жоқ. Адвакаттың сөзін қолдаймын», - деді ол.

Бұған дейін  мемлекеттік айыптаушы Абзал Шынасылды «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша кінәлі деп танып, 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

«ҚАРЖАУБАЙ ДА ЖАЗАЛАНСЫН!»

Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентай сөз сөйледі, ол Шерзат Полаттың өліміне оның әкесі Қаржаубай Нұрымовты дәл өзі сияқты кінәлі деп санайды. Әскентай Қаржаубай Нұрымов агрессия танытпағанда, Шерзат Полат қайтыс болмайтын еді, дейді.

«Осы оқиғаға себепкер болған жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов бірінші болып Шерзатқа мен туралы жалған ақпарат беріп, балалар келгенде пышақ шығарып агрессия танытпағанда және  Шерзат келгендердің бірін ұрмағанда, төбелес болмаушы еді. Бұл жерде ерегіс бастаған және адамдар тобын құрған, қару дайындаған Қаржаубайға маған тағайындалған ҚР ҚК 293- бабы бойынша жаза тағайындауыңызды сұраймын», - деді сотталушы.

Тағы оқыңыз: Алматы облысында жастар неге қатігез? Шерзат ісі. Сәрсекбаев бас бапкер болуға лайық — депутат

Дархан Әскентайды прокурор ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

«ТӨРТЕУІ ҚАТАР ЖҮРІП, ЖАЛҒЫЗ ШЕРЗАТТЫ ҚОРҒАЙ АЛМАДЫ»

Сот отырысының жарыссөз кезеңінде тағы бір сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев та өз ойын айтты. Ол соңғы сөзінде Шерзат Полаттың өліміне Қаржаубай Нұрымовты күдікті деп тануды өтінді.

«Мен істеген әрекеттеріме байланысты өз кінәмді жартылай мойындадым. Мен өзімді ақтауға тырыспаймын. Оқиға болған түні ешқандай қылмыс жасау ойымен шыққан жоқпын. Маған досым Дархан Әскентай хабарласып, өзін ұрып кеткеннен кейін көмек сұрады. Мен тек досымның жағдайын анықтау үшін бардым. Менің оқиға болатын түні алдын ала адамдар тобын құрып, сөз байласып, төбелес шығару ниетім болған жоқ. Керісінше, жәбірленуші Нұрымовты сабырға шақырып, мәселені жанжалсыз шешуге тырысып жүрдім және «хуторский», «денсаулықты қойып тастайсың» деген әңгіме болған емес. Егер де мен ондай әңгіме айтқан болсам, Нұрымов маған жүгіретін еді ғой. Ал ол болса, керісінше, көліктің жанында тыныш тұрған Дархан Әскентайға пышақ алып жүгірді. Ғайыпбаев бізге мылтықты атқаннан кейін екі рет тептім, сол үшін кешірім сұраймын. Маған прокурор ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігімен айып тағып отыр, мен ол айыппен келіспеймін. Сонымен қатар, Шерзат Полаттың өліміне Қаржаубай Нұрымовты күдікті деп танып, оған қатысты қылмыстық іс қозғауларыңызды сұраймын. Мен үйленгенмін және бұрын сотталмағанмын. Тұрақты жұмыс істейтін орным бар. Менің түзелуге мүмкіндігім бар, мен қоғамға қайта оралып, заңды өмір сүруге дайынмын. Құрметті сот, істеген әрекетім үшін жауапкершілігімді түсініп, сізден қатаң жаза емес, жеңіл жаза қолдануыңызды сұраймын. Мен үшін бұл өмірлік сабақ болды», - деді ол.

Нұрбол Тоқтаубаевтан кейін оның інісі Азамат Тоқтаубаев сөз сөйледі. Ол бұл оқиғадан кейінгі ішкі арпалысы кез келген жазадан ауыр екенін айтты.

«Мен бұл оқиғаға дейін де, кейін де ешкімге қасақана зиян келтіруді мақсат еткен жоқпын. Оқиға болған түні қылмыс жасау ниетіммен шыққан жоқпын. Маған туған ағам Нұрбол хабарласқаннан кейін бардым. Құрметті сот, ешқандай пышақ ұстамадым, ешкімге қасақана күш қолданған жоқпын, ешкімге пышақ сілтеген жоқпын. Мен топпен келгендердің бірі болсам да, қолымда пышақ болған жоқ. Нақты күш қолдану әрекетіне қатыспаған тұлғамын. Бірақ сол жерде жүргенім үшін бүгін де толық жауапқа тартылып отырмын. Мен өзімді қоғамға қауіпті тұлға деп есептемеймін. Керісінше, сол түні тек ағайындық сезіммен бардым. Бұл жағдай мен үшін өмірдегі үлкен сабақ болды. Менің осы оқиғадан кейінгі ішкі арпалысым кез келген жазаға қарағанда ауыр. Мен жақсылықты қалаймын, бірақ бір сәттік әлсіздікпен қателікке бой алдыруым, бұл — сол оқиға күні сол жерде болуым», - деді Азамат Тоқтаубаев.

Сонымен қатар сотталушы өзінің отбасылық жағдайы туралы айтып, соттан әділдік сұрады.

«Құрметті сот, менің отбасым бар, 1 жасқа толмаған балам бар. Қазіргі таңда әйелім бала тәрбиесімен үйде отыр. Мен отбасымның жалғыз асыраушысымын. Осы сот процесінде мен істеген қателігімді іштей 100 рет мойындадым. Бүгінгі таңда сол жаққа барғаным үшін шын жүректен өкінемін. Құрметті сот, сізден әділдік сұраймын. Жазадан жалтару үшін емес, ақиқат, заң үшін», - деді Азамат Тоқтаубаев.

Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтардың анасы оқиғаның басталуына жәбірленуші Қаржаубаев Нұрымовтың өзі түрткі болған деген пікірде.

«Болған жайт, әрине бәріміз үшін өкінішті. Бұл оқиғада ешкім қасақана барып, адам өлтірген жоқ. Бәрі аяқ асты болған жағдай.  Барлығы бейнежазбада көрініп тұр. Балалары бармай тұрып, әжесі, анасы, ағасы және әкесі жүр. Төрт адам жүріп, жалғыз Шерзатты қорғай алмады. Нұрбол Дархан Әскентайды алып кетуге барған. Соңы осындай оқиға болған. Қаржаубай ақша төлемеді деген сылтаумен төбелес басталған. Кейін інісін шақырған.  Шерзат достарын шақырып алады. Сонда неге 102-ге өздері хабарласпаған? Мені сол ой мазалайды. Видеодан Нұрболдың іс-әрекеті көрініп тұр. Бұл жәбірленуші тараптан айтылғандардың да көбі – өтірік. Бұл – біздің балаларымыздың тағдыры», - деді ол.

Ол жәбірленушілердің сөзінде өтірік көп екенін, екі тараптың да шындығын қарастыру керек екенін жеткізді.

«ЕРТЕ МЕ, КЕШ ПЕ, БӘРІБІР ӨЛЕТІН ЕДІ...»

Шерзат ісіндегі тағы бір сотталушы Шыңғыс Белғожаев жарыссөзде Шерзаттың ажалы жайлы сөз қозғады.

«Бұл өмірде ешкім мәңгі емес. Барлығымыздың баратын жеріміз - бір. Ажалы келген адам ерте, не кеш емес, тура келген уақытында қайтады. Қамшының сабындай қысқа мына жалған өмірде барлығы қош айтысады. Осы қайғылы оқиғаға біз себепкер болып отырмыз. «Ер жігіт көрмеймін деген жерін үш көреді, жақсы ат баспаған жерін үш басады» дейді. Біздің оқиғамыз да сол сияқты. Думан Ысқақ ортамызда себепсіз отыр. Дархан Әскентайды сол күйі танымай кеттім. Қаржаубай Нұрымовты жауапкершілікке тартуды сұраймын», - деді Белғожаев.

Ол жәбірленуші тарап сұрап отырған 660 млн теңге тым көп екенін жеткізді.

«Бұл ақшаны осы отырған 9 адам өмір бақи жұмыс істесек те, таба алмаймыз. Сондықтан, оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраймыз», - деді Шыңғыс Белғожаев.

«ҚАЙДАҒЫ БҮРКІТ, СЕН - ШАКАЛСЫҢ»

Сот процесі аяқталарда сотталушының бірі соңғы сөзінде анасына сәлемдеме жолдап, өлең оқыды.

«Анашым, кешіріңіз бізді. Біз Алла бұйыртып, жазамызды өтегеннен кейін шығамыз. Сотқа қатысушылардан да кешірім сұраймыз. Осындай жағдайға тап болдық. Қателеспейтін адам жоқ.

Анашым, амал бар ма, мына сорға

Бүркіт ем, аспан ұшқан түстім торға...», деді ол.

 Алайда, бұл процесті бақылап отырған әлеуметтік желі қолданушылары сотталушының өзін бүркітке теңегенін сынға алған.

«Өзін бүркітке тенеп тұрған неғылған пенде мынау?! Қарқылдаған қара қарғамын десей. Бүркіттен садаға кеткір, жердің құрты», «Үйін не үшін өртедіңдер, енді өтірік өлең шығармаңдар», «Бүркіт емес, құзғұн де», «Қайдағы бүркіт, сен - шакалсың», деп жазып жатыр олар.

Сотталушылар айыптаушы тараптан кешірім сұрап, соттан әділ шешім шығаруды сұрады.

«Сот қылмыстық іс бойынша үкім шығару үшін кеңесі бөлмесіне шығады. Үкім 2025 жылғы 5 маусымда 16:00-де жарияланады»,-деді судья Ержан Жанұзақов.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз