Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісіне қатысты сот отырысы болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі, адвокат Мейірман Шекеев бірқатар азаматтық талапты жариялады. Ол соттан оқиға орнында болған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады. Сот төрағасы өтінішхатты ашық қалдырды.
Сондай-ақ, адвокат келесі өтемақыларды талап етті:
-
2 794 000 теңге – жерлеу рәсіміне кеткен материалдық шығын (Шынасыл Абзалдан);
-
300 миллион теңге – Қаржаубай Нұрымов, Гүлбара Бишімбиева және Жұмабике Қадирова пайдасына моральдық зиян үшін (Шынасыл Абзал және Равиль Сакиевтен);
-
360 миллион теңге – жоғарыда аталған үш жәбірленушіге 6 азаматтан (Белғожаев, Әскентай, Илясов, Тоқтаубаевтар және Қалиахметтен) өндіру талап етілді.
Жалпы талап сомасы 662 794 000 теңге болды.
Талап арызға психологиялық сараптама қорытындысы мен жерлеу шығындарын дәлелдейтін құжаттар тіркелген.
Сот төрағасы Ержан Жанұзақов бұл азаматтық талаптарды қабылдап, жәбірленушілерді азаматтық талапкер, ал айыпталушыларды азаматтық жауапкер ретінде таныды. Оларға ҚПК 74-бабына сәйкес құқықтары түсіндірілді.