$ 485.55
 563.38
 6.81

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі: Ақтөбе облысындағы ең ірі жол құрылысына ресми түрде бастау берілді

Редактор
28.05.2026, 19:19
Ақтөбе облысы әкімдігі
Ақтөбе облысы әкімдігі
 «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» жолын реконструкциялау транзиттік әлеуетті күшейтпек

Ақтөбе облысында KAZ06 «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы учаскесін қайта жаңғырту жобасы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Жобаның басталуына арналған салтанатты рәсімге Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Дархан Иманашев, мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Өңір басшысы Асхат Шахаровтың айтуынша, бұл жоба облыстың көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп, халықаралық дәліздердің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бүгін біз Ақтөбе облысы мен бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы зор жобаны бастап отырмыз. Реконструкция аяқталғаннан кейін елді мекендер арасындағы көлік қатынасы жақсарып, жол қауіпсіздігі артады, жол жүру уақыты қысқарады және халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілеті ұлғаяды», – деді облыс әкімі.

Оның сөзінше, «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» бағыты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін дамытуда маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ жоба өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті бизнестің дамуына ықпал етеді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев реконструкция аясында жол I техникалық санатқа ауыстырылатынын айтты.

«Жоба заманауи инженерлік шешімдер мен құрылыс стандарттарын қолдануды көздейді. Бұл трассаның өткізу қабілетін арттырып, жол сапасын жақсартуға және транзиттік көліктердің қозғалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Жалпы реконструкцияланатын жолдың ұзындығы 262 шақырымды құрайды. Жоба жеті учаскеге бөлінген.

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жылда Ақтөбе облысында шамамен 1,6 мың шақырым жол жөнделген. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 75%-дан 82%-ға дейін өскен.

Ал биыл өңірдің жол саласын дамытуға 36,4 млрд теңге бөлініп, 290,7 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау