Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелділігі мәселесін көтерді. Депутат Құрылтайдың пленарлық отырысындағы алғашқы сауалын осы мәселеге арнағанын мәлімдеді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Әшімжан келтірген дерекке сәйкес, 2023 жылы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп жүргізілген зерттеу Қазақстандағы балалардың әлеуметтік желіні өте ерте жастан пайдалана бастайтынын көрсеткен. 9–10 жастағы балалардың 60 пайызы, 11–12 жастағылардың 66 пайызы әлеуметтік желілерде тіркелген. Ал балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар. Олар TikTok, YouTube және Instagram секілді платформаларды еркін пайдаланады.
Депутатты алаңдатқан тағы бір мәселе – кибербуллинг. Оның айтуынша, балалардың әл-ауқаты индексіндегі мәлімет бойынша, 10–18 жас аралығындағы әлеуметтік желі арқылы буллингке ұшырағандардың көрсеткіші 2024 жылғы 15 пайыздан 2025 жылы 33,5 пайызға дейін өскен.
«Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында», – деді депутат.
Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желілерді балаларға шектеу мәселесін тек заң қабылдаумен шешу жеткіліксіз деп есептейді. Оның сөзінше, баланың жасын анықтау, жеке деректерін қорғау, жалған аккаунттар арқылы шектеуді айналып өтудің жолын кесу және білімге қажетті цифрлық платформалардың қолжетімділігін сақтау тетіктері алдын ала қарастырылуы тиіс.
Осыған байланысты депутат Үкіметке 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеудің нақты тетігін әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар балалардың жеке және цифрлық деректерін қорғауды, мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауатты жүйелі түрде оқытуды және әлеуметтік желінің балалардың психологиялық жағдайына, ұйқысы мен оқу үлгеріміне әсерін зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізудісұрады.